Netflix төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареске арналған толықметражды деректі фильмнің түсіріліп жатқанын ресми түрде хабарлады. Жоба Канелоның қазақстандық аңыз боксшы Геннадий «GGG» Головкинмен өткізген атақты трилогия жекпе-жектеріне арналмақ, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.
Фильмді 2018 жылы NBA жұлдызы Стивен Карри негізін қалаған Unanimous Media компаниясы жүзеге асырады. Деректі картинаның режиссері — Хуан Камило Крус. Жобада Альварес пен Головкин арасындағы бәсекенің спорттық қана емес, психологиялық және тарихи қырлары кеңінен қамтылады деп күтілуде.
Канело мен Головкин рингте жалпы 36 раунд өткізді. Алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың қыркүйегінде өтіп, төрешілердің даулы шешімімен тең аяқталған болатын. Ол кездесуде Альварес The Ring журналының орта салмақтағы титулын сақтап қалса, Головкин WBC, WBA және IBF чемпиондық белбеулерін қорғап қалды.
2018 жылы өткен қарымта кездесуде төрешілердің басым дауысымен Сауль Альварес жеңіске жетті. Ал үшінші айқас 2022 жылдың қыркүйегінде суперорта салмақтағы барлық чемпиондық атақтар үшін өтті. Бұл жекпе-жек алдыңғылардай тартысты болмағанымен, Канелоның айқын басымдығымен аяқталды.
Айта кетейік, Альварестің Netflix платформасымен бұрыннан байланысы бар. Өткен жылдың қыркүйегінде оның Теренс Кроуфордқа қарсы жекпе-жегі стриминг сервисі арқылы көрсетіліп, әлем бойынша 40 миллионнан астам көрермен жинаған. Netflix-тің жазылушыларының жалпы саны 300 миллионнан асады.
Қазіргі таңда 43 жастағы Геннадий Головкин соңғы рет Альварестен жеңілгеннен кейін рингке шыққан жоқ. 2025 жылдың соңында ол World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді.