Ресейлік кәсіпкер Шалва Чигиринский Юрий Дудьке берген сұхбатында 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар оған Францияның оңтүстігінен жарты миллиард долларға жуық тұратын сәнді вилла сатып алмақ болғанын айтты, деп жазады Ozgeris.info.
«Олар оған жазғы резиденция қарастырды. Міндетті түрде тікұшақ алаңы, екі бассейн, көп жатын бөлме қажет деді. Мұндай талаптардың бәрі бір жерде тоғысқан вилла өте сирек кездеседі. Монакоға жақын орналасуы, тікұшақ қонатын жері, үлкен ашық бассейн, жабық бассейн, қонақ үйдегі бассейн, қонақ үйдің өзі де үлкен, аумағы 3,5 гектар. Тіпті бомбаға қарсы баспанасы да бар еді», деп сипаттады ол.

Алайда мәміле жүзеге аспады. Кейінірек вилланы әлдеқайда төмен бағаға «Газпром нефть» сатып алып, кейін оның иесі кәсіпкер Самвел Карапетян болды. Қазір бұл жылжымайтын мүлік қаржы жымқыру ісі аясында тәркіленген.

Әңгіме Лазурный жағалауындағы «Мария Ирина» вилласы жайлы. Бұған дейін ол Конго диктаторы Мобутуға тиесілі болған. «Важные истории» басылымының дерегінше, «Газпром» мен Карапетянға қатысты құрылымдар вилланы Владимир Путин мен оның жақын ортасының мүддесі үшін ұстап келуі мүмкін. Мұнда Алина Кабаева бірнеше рет болғаны да айтылады.

Журналистер Чигиринскийдің сипаттамасына толық сәйкес келетін суреттерді тапқан. Кадрларда теңізге ашылатын панорамалық көрінісі бар, сәнді бақпен көмкерілген, бірнеше бассейні мен қонақ үйі бар зәулім резиденцияны көруге болады.
