Алматы облысының полициясы қазақтарда Наурыз мейрамы болмағанын, мұсылмандардың оны атап өтпейтіні туралы айтқан видео авторы ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Әлеуметтік желіде ер адам қазақта Наурыз мейрамы болмағанын айтып видео жариялады.
“Айтты осылай тойламадыңдар. Қазақта ешқашан ондай мейрам болмаған. Наурыз – парсылардан, отқа табынушылардан келген мейрам. Наурыз дегенннің өзі қазақтың сөзі емес. Ол парсының “жаңа күн” деген сөзі. Егер мұсылман емеспін десең, бұл видеоның саған қатысы жоқ. Егер мұсылманмын десең бұл мерекелерді тойлауға болмайды”, – дейді видео авторы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адамға қатысты діни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Биыл 23 наурызында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде TikTok-та жарияланған, Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы жария мәлімдемелерді қамтитын бейнематериал анықталды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 1991 жылы туған К. есімді азамат анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-бөлігіне сәйкес діни алауыздықты қоздыру – қоғамдық пікір көшбасшысы тарапынан жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.