💰 Экономика

Наурыз көже биыл қанша теңге?

Наурыз көже биыл қанша теңге?

Наурыз жақындаса, әр үйде қазан көтеріліп, көже қайнайды. Бірақ биыл көпшілік бір нәрсені анық сезіп отыр. Дастархан бұрынғыдай оңай әзірленбейді. Energyprom.kz деректеріне сүйенсек, наурыз-көжеге кететін шығын 1 жылда 21% өскен. Қарапайым көженің өзі қазір кәдімгідей есеппен жасалатын тағамға айналып бара жатыр, деп жазады Ozgeris.info.

 Наурыз көже – әр қазақтың дастарханындағы берекенің белгісі. Бірақ оның нақты бағасын айту оңай емес. Себебі әр үйдің рецепті әртүрлі. Біреу қазы қосады, біреу бірнеше түрлі ет салады. Сондықтан сарапшылар бәріне ортақ нұсқаны алып есептеген. Құрамына сиыр еті, тары, күріш, бидай, айран, сүт, сары май және тұз кірген. Барлығы 1 келіден, ал сүт пен айран 1 литрден алынған.

Бағалар Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2026 жылдың ақпан айындағы бөлшек сауда деректеріне негізделген. Осы есеп бойынша, Қазақстанның ірі қалаларында наурыз көжеге қажетті өнімдердің орташа құны 11,9 мың теңге болған. Бұл – тек негізгі өнімдер. Оның ішінде ең көп шығын ет пен сары майға кетеді. Екеуі бірге жалпы соманың 76%-ды алып отыр. Яғни, көженің бағасын дәл осы екі өнім айқындап тұр.

Қалалар арасындағы айырмашылық та бірден көзге түседі. Ең қымбат қала  Ақтау – 14,6 мың теңге. Бұл орташа бағадан шамамен 25%-ға жоғары. Одан кейін Атырау – 13,3 мың теңге. Сонымен қатар Тараз бен Астана – 12,4 мың теңге, ал Алматы – 12,3 мың теңге деңгейінде.

Ал ең қолжетімді қалалар – Көкшетау – 10,2 мың теңге, Петропавл – 10,7 мың теңге. Бұдан бөлек, Талдықорған – 11 мың теңге, Түркістан – 11,1 мың теңге. Яғни, ең қымбат пен ең арзан қаланың айырмасы 4 мың теңгеден асады. Бұл – ел ішінде де бағаның әртүрлі екенін көрсетеді.

Сарапшылар өткен жылмен салыстырғанда да айырмашылықты анықтаған. Нәтижесінде, наурыз көжеге арналған өнімдер себеті орта есеппен 20,6%-ға қымбаттаған. Кей өңірлерде бұл өсім тіпті жоғары. Мысалы, Қызылордада 28,4%, Ақтөбеде 26,7%-ға өскен. Ал ең төмен өсім Талдықорғанда 6,4% сақталып тұр, Петропавлда 8,4% өсім болған.

Бұл тек «қарапайым» көже. Ал көпшілік көжеге қазы, бірнеше түрлі ет қосады. Сол кезде шығын одан әрі өседі. Мысалы, 2026 жылдың ақпан айында сиыр етінің келісі 3,6 мың теңге болған. Қой еті – 3,9 мың теңге, ал жылқы еті – 4,1 мың теңге. Яғни, ұлттық тағамға жақындаған сайын, шығын да көбейеді.

Сүт өнімдері де арзан емес. Ақпан айында майлылығы төмен сүттің 1 литрі 621 теңгеден асқан, ал айран шамамен 587 теңге болған. Егер осының бәрін толық алып, кең дастархан жасаймын десеңіз, кем дегенде 26 мың теңге жұмсайсыз. Ал оған бауырсақ, тәттілер, басқа тағамдарды қоссаңыз, жалпы шығын бұдан да асып кетуі мүмкін.

Бағаның бұлай өсуі жалпы нарықтағы өзгерістермен байланысты. 2025 жылдың ақпанында азық-түлік бағасының жылдық өсімі 6,5% болса, 2026 жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 12,7% болған. 

Ең үлкен әсерді ет бағасы беріп отыр. Ranking.kz бұған дейін жазғандай, 2025 жылы ет өнімдерінің бағасы 107,9% деңгейінде болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 127,3% дейін жеткен. Жармалар бойынша да жағдай өзгерген. 2026 жылдың ақпанында олардың бағасы 107,9% болған. Ал 2025 жылы керісінше, бұл көрсеткіш 88,9% болған, яғни жармалар 11,1% арзандаған еді. Бірақ қазір бұл үрдіс өзгеріп отыр.

Осылайша, наурыз-көженің қымбаттауы – бір ғана өнімнің әсері емес. Бұл – еттің, сүттің, жарманың және жалпы азық-түлік бағасының бірге өсуінің нәтижесі. Соның салдары әр отбасының дастарханынан байқалып отыр.

Соған қарамастан, наурыз-көже қайнатылады. Себебі ол жай тағам емес, ол дәстүр. Тек бүгінгі айырмашылық біреу – бұрын есепсіз жасалатын дастархан, енді әркім өз қалтасына қарап, есептеп жасайтын болды.

 

Барлық жаңалық