Танымал қоғам қайраткері әрі әнші Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында өзіне әр жылдары көрсетілген қысымдар туралы ашық айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Желіде жарияланған сұхбаттың аңдатпа бейнежазбасында жүргізуші Аман Тасығанның «Қандай қысымдар көрсетті?» деген сауалына Бекболат Тілеухан өзінің діни ұстанымы мен айтқан пікірлеріне байланысты түрлі кедергілерге тап болғанын жеткізді.
«Намазыма тиісті, сөйлеген сөзіме де... Қай жерде көп сөйлесем, сол жерде тиісті», – деді ол.
Сұхбат барысында Бекболат Тілеухан жүргізушіге де әзіл-шыны аралас пікір білдіріп, оның сұхбат жүргізу тәсіліне тоқталды.
«Өткір тәсіл алыпсың. Сен де маған қысым көрсетіп отырсың. Адамды шақырып алып, көп сөйлетесің. Көп сөйлеген соң абыройдан да, сөзден де сүрінуің мүмкін. Сосын сүрінген жеріңнен ұстап аласыңдар», – деді қоғам қайраткері.
Өз кезегінде Аман Тасыған сұхбаттың ешқандай өзгеріссіз, толық нұсқада жарияланатынын айтып, «Қалай жазылды, солай шығарамын. Уайымдамаңыз», – деп жауап берді.