Жаңалықтар

Мұрат Әбенов: «Сенаттың рөлі өзгерді, Парламент жұмысы ашық әрі жауапты болуы тиіс»

YouTube-тегі «Qasqa Jol» арнасында Мәжіліс депутаты әрі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов сұхбат берді, деп жазады ozgeris.info сайты.

 

Сұхбат барысында ол еліміздегі саяси өзгерістер мен билік құрылымындағы жаңашылдықтарға тоқталды. Әсіресе Сенаттың қазіргі рөлі туралы айта келе, Назарбаев кезеңіндегі және Тоқаев тұсындағы Сенаттың айырмашылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Сенатқа тағайындалатын депутаттардың саны азайып, бұрынғыдай заң жобаларына өздігінен түзету енгізу құқығы жоқ.

 

«Қазір олардың міндеті – Мәжілістен келген ұсынысқа келісу немесе қарсы шығу. Бұрынғыдай ашық сын айтатын Сенаторларды көрмейміз. Дегенмен бұл орган жұмыс істемей отыр деуге де болмайды. Өз тәжірибеме сүйенсем, қазіргі Парламент бұрынғыдан әлдеқайда белсенді», – деді Әбенов.

 

Сонымен қатар депутат заң шығару үдерісінің ашықтығын арттыру үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Оның ойынша, жұмыс топтарының отырыстары онлайн көрсетілсе, қоғам тарапынан бақылау күшейер еді. Сондай-ақ әрбір заңға енгізілген өзгеріс оны ұсынған депутаттың атымен аталуы тиіс.

 

 «Бұл – жауапкершілікті арттырады. Егер мен белгілі бір топтың мүддесін қорғап ұсыныс айтсам, ертең қоғам соны бетіме басып айтуы керек. Сонда депутаттар да ойланып әрекет етеді», – деді ол.

 

Мұрат Әбенов жасанды интеллектті заң жобалау ісіне тарту туралы бастамаларға да пікір білдірді. Оның айтуынша, депутаттарға шынымен де қолғабыс қажет.

 

«Кейбір жұмыс топтарына адам жетпей жатады. Сапалы заң шығару үшін көп күш керек. Бұрын әр депутаттың бірнеше сарапшысы болса, қазір бір депутат пен бір көмекші ғана бар. Бұл жағдайда уақыт жетпей, Үкіметке ыңғайлы жағдай туындайды. Себебі Үкімет бақылаудың аз болғанын қалайды. Ал Парламенттің мақсаты – керісінше, бақылауды күшейту», – деп түйіндеді депутат.

 

Осылайша, Әбенов Парламент жұмысының тиімділігін арттыру үшін ашықтық, дербестік және жауапкершілік қағидалары маңызды екенін атап өтті.

Барлық жаңалық