Нұр-Мүбәрак университетінің профессоры, философ және исламтанушы Мұхитдин Исаұлы «Qasqa Jol / Қасқа жол» YouTube арнасына берген сұхбатында ұлтты сақтау мәселесін егемендікпен тікелей байланыстырды. Оның айтуынша, мемлекет тәуелсіз болғанымен, егер ұлт әлсіресе, уақыт өте егемендікке де қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды ozgeris.info.
Ғалым ұлттық болмысты сақтау иманмен, тілмен және мәдени құндылықтармен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Әрбір мақал-мәтел, әрбір ән мен жыр, домбыра мен қобыз – ұлттың жер бетінен жойылып кетпеуінің кепілі», – деді ол.
Сұхбат барысында Мұхитдин Исаұлы қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшеліктердің әлсіреуі басқаруды жеңілдететін факторға айналуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, ұлтсыздық жайлаған қоғамда тәуелсіздік те баянды болмайды.
Ол қазақ зиялыларының еңбегіне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинап, рухани мұраны сақтауға күш салғанын еске салды. Ал Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлері тіл мен шекараны айқындау арқылы мемлекеттіліктің негізін қалағанын айтты.
Профессордың сөзінше, тіл – ұлттың тірегі. Егер тіл әлсіресе, тарихи жад та, ұлттық сана да әлсірейді. Ол Рамазан, намаз және иман құндылықтарын ұлттық дәстүрлермен қатар қойып, руханият пен тарихты қатар ұстау қажеттігін жеткізді.
«Намаз қандай маңызды болса, тарих та сондай маңызды. Рамазан қаншалықты қастерлі болса, ою-өрнек те соншалықты қастерлі», – деді Мұхитдин Исаұлы.
Сұхбатта көтерілген ойлар ұлттық құндылықтарды сақтау, жастардың санасына рухани және тарихи жауапкершілікті сіңіру мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.