💰 Экономика

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған салық жеңілдігі қалай өзгереді?

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған салық жеңілдігі қалай өзгереді?

Елімізде жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдарға қатысты жеке табыс салығын есептеу тәртібі нақты бекітілді. Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңестің 4-отырысында қаралды. Жиында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтыған ұйымдардың өтініші талқыланды, деп жазады Ozgeris.info.

Кеңесте жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты қызметкерлерге салық салу тәртібі қаралды. Парламентте салық реформасы талқыланған кезде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алатын ұйымдарға бірдей жағдай жасау тәсілі өзгертілген.

Депутаттардың ұсынысы бойынша 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдікті қолдану үшін мүгедектігі бар қызметкерлерге төленетін еңбекақы қорының 51%-ы бірыңғай үлес ретінде есептелетін болды. Бұған дейін есту, сөйлеу, көру қабілеті бұзылған адамдар жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдарда 35%-дық үлес қолданылатын.

Енді бұл норма өзгертілді. Қабылданған тәртіп жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, мүгедектігі бар адамды жұмысқа алу мүмкіндігін арттырады. Бұл ретте қызметкерлердің өздері үшін жеке табыс салығы бойынша жеңілдік толық сақталады. Норманың басты мақсаты – жұмыс берушілерді жаңа жұмыс орнын ашуға және сақтауға ынталандыру.

Сонымен қатар Салық кодексіне алғаш рет мүгедектік тобына байланысты жеке табыс салығы бойынша әлеуметтік шегерімді саралау нормасы енгізілді. Бұған дейін жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам үшін шегерімнің жалпы шегі 882 АЕК болған. Жаңа түзетулер бойынша бұл мөлшер үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін сақталды. Ал бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін шегерім көлемі 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Қазір мемлекеттік органдарға осы нормаға қатысты өтініштер көптеп түсе бастады. Әсіресе қызметкердің денсаулығы жыл ішінде өзгерген жағдайда салық қалай есептеледі деген сұрақтар жиі қойылып отыр. Мысалы, үшінші топ бірінші немесе екінші топқа ауысса, немесе керісінше болса, бір жылға есептеу тәртібі қалай жүргізіледі деген мәселе көтерілуде. Салық кодексінің 404-бабының 2-тармағына сәйкес, әлеуметтік шегерім үшін негіздеме туындаған немесе бұрын болған күнтізбелік жыл қолданылады. Осыған байланысты Жобалық кеңесте арнайы шешім қабылданды.

Енді мүгедектік тобы бірінші немесе екіншіден үшіншіге ауысса да, немесе керісінше өзгерсе де, бүкіл күнтізбелік жылға 5000 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімі қолданылады. Бұл шешім жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтардың табысын қорғауға және салық жүктемесін азайтуға бағытталған. Кеңесте тағы бір өзекті мәселе талқыланды. Ол – салық төлеушінің дербес шотында артық төлем болған жағдайда ҚҚС төлегеннен кейін электрондық шот-фактура жазу рәсімі мен мерзімі туралы. Бұл бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті жақын уақытта өз ресурстарында ресми түсініктеме беруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен квазимемлекеттік компанияларды сатып алу кезінде шығындарды есепке алу мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын субъектілерден тауар мен қызмет сатып алған кездегі шығынды корпоративтік табыс салығы бойынша шегеру тәртібі қаралды.

Бұл мәселе қосымша пысықтауды қажет етеді. Ол үшін заңға тәуелді актілерге өзгеріс енгізу және жеткізушілерге қойылатын біліктілік талаптарын түзету жоспарланып отыр. Сонымен бірге өткен аптада мемлекеттік органдар мен Мемлекеттік кірістер комитетіне call-орталық және Salykbot Телеграм-арнасы арқылы шамамен 14 мың өтініш келіп түскені айтылды. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,1 мыңға аз. Жаңа қабылданған шешімдер мүгедектігі бар азаматтардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға, олардың табысын қорғауға және салық саласындағы әділдікті күшейтуге бағытталған.

 

 

Барлық жаңалық