Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұғалімдерге мемлекеттік мерекелер қарсаңында сыйақы төлеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Комитет басшысының айтуынша, мерекелік сыйақы білім беру ұйымдарының жылдық бюджетінде үнемделген қаржы есебінен төленеді. Бұл тәжірибе әсіресе басқару формасы өзгерген, яғни шаруашылық жүргізу құқығына ие мектептерде жақсы жолға қойылған.
«Мемлекеттік мейрамдар қарсаңында төленетін сыйақы әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінен үнемделген қаржы есебінен беріледі. Бізге келген ақпаратқа сәйкес, басқару формасы өзгерген мектептерде педагогтерге әр мемлекеттік мейрам сайын белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отыр», — деді Қаныбек Жұмашев.
Сонымен қатар ол мұғалімдердің мереке сайын сыйақы алу-алмауы аудан мен қаланың қаржылық мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Білім беру жүйесінде тік, вертикальді басқару жүйесі қалыптасқан. Аудандық білім бөлімдерінің қаржысы бөлек жасақталады. Ел бойынша 8 мыңға жуық мектеп бар, ал 220 аудандық білім бөлімдері сол мектептердің жылдық қаржы есептерін қабылдап, келесі жылға бюджет бекітеді. Сондықтан сыйақы мәселесі әр өңірдің бюджеттегі кірісіне байланысты», — деді ол.
Комитет төрағасының сөзінше, қай ауданда қаржы табу көзі көп болса, сол өңірде мектептерге үнемделген қаражат тең бөлініп, мұғалімдердің сыйақы алу мүмкіндігі де жоғары болады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банк топ-менеджерлерінің 1,7 млрд теңге көлемінде сыйақы алғаны жөніндегі ақпаратқа түсініктеме берген болатын. Бұл жағдай қоғамда түрлі пікір туғызған еді.