Шоу-бизнес

«Москва слезам не верит» арқылы танылған әйгілі актриса қайтыс болды

Танымал актриса, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Вера Алентованың дүниеден озғаны белгілі болды деп хабарлайды Оzgeris.info. Қаралы хабарды ол ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Мәскеудегі А.С. Пушкин атындағы театр ұжымы хабарлады. Актриса бұл театрда шамамен 60 жыл еңбек еткен.

 

«Москва слезам не верит» фильміндегі басты рөлі арқылы әлемге танылған өнер иесі 83 жасқа қараған шағында көз жұмды.

 

Вера Алентова 1942 жылғы 21 ақпанда Архангельск облысына қарасты Котлас қаласында дүниеге келген. Ол өнерлі отбасында тәрбиеленді: анасы мен әжесі театр сахнасында қызмет еткен. Әкесі актер Валентин Быков Вера үш жасқа толмай жатып өмірден өткен.

 

1961 жылы жас актриса Мәскеуге аттанып, бірнеше театр оқу орындарына құжат тапсырды. Нәтижесінде ол Мәскеу көркем театрының (МХАТ) студиясына қабылданып, Василий Марковтың шеберханасында білім алды. Дәл осы жерде болашақ жары, режиссер Владимир Меньшовпен танысты.

 

1969 жылы ерлі-зайыптылардың отбасында Юлия Меньшова дүниеге келді. Ол бүгінде тележүргізуші, актриса әрі режиссер ретінде танымал.

 

Вера Алентованың өнер жолындағы ең үлкен жетістігі «Москва слезам не верит» фильміндегі Екатерина Тихомирова рөлі. 1980 жылы жарық көрген бұл кинотуынды әлемнің жүзден астам елінде прокатқа шығып, Кеңес Одағында бір жыл ішінде 84 миллионнан астам көрермен жинады.

 

Вера Алентованың есімі отандық және әлемдік кино тарихында мәңгі сақталады.

Барлық жаңалық