Жеңіс күні қарсаңында Абай облысының жұртшылығы сұрапыл соғыс жылдарында қасық қаны қалғанша шайқасқан майдангерлер мен тыл шебінде тер төккен қарияларға тағзым етті. Аймақ басшысы Берік Уәли қазіргі уақытта Мәскеу қаласында жүрген соғыс ардагері Григорий Маларовпен хабарласып, оны мерекемен құттықтады. Облыста көзі тірі жалғыз фронтовикке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақ тілегі жеткізілді. Президент өз хатында аға буынның өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің үлгісі екенін атап өткен. Ел игілігі үшін жан аямай еңбек еткен жандарға деген құрмет ешқашан сөнбейтіні және олардың есімі ел жадында мәңгі сақталатыны айтылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Мерекелік тарту ретінде ақсақалға мемлекет тарапынан 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етілді. Биыл жазда Григорий Маларов 100 жасқа толған ғасыр тойын атап өтпек. Ол небәрі 19 жасында Отанды қорғауға аттанып, 2-ші Прибалтика майданы құрамында Эстония мен Польшаны азат етуге қатысқан. Берлинге дейін жетіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.
Бейбіт күн туған соң қария энергетика саласына бет бұрып, Шульба ГЭС-інде бас экономист лауазымын атқарды. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар өңір басшысы Семей қаласында тұратын тыл еңбеккерлері Шайхслям Өскенбаев пен Иван Бельгердің шаңырағына арнайы барып, ақ ниетін білдірді. Қариялардың соғыс жылдарындағы еңселі еңбегі мен төзімділігіне алғыс айтылып, мерекелік сый-сияпат жасалды.