Ішкі туризмді дамыту және балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болады. Өткен жылы табиғи саябақтарға 3.7 миллион адам барғанын ескерсек, бұл отбасылық саяхаттар үшін үлкен қолдау болмақ, деп хабарлайды ozgeris.info сайты nationalbusiness.kz ке сілтеп.
Сонымен қатар, шекара бекеттерінде ұйымдасқан туристік топтар мінген автобустар үшін бақылаудан жылдам өтуге мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» механизмі енгізіледі. Сондай-ақ гидтер, экскурсоводтар мен нұсқаушылардың жұмыс істеу ережелері нақты бекітілмек.
Медициналық және іскерлік туризмнің әлеуеті
Министр конгресс-көрмелік және іскерлік туризмнің экспорттық әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Былтыр ел аумағында 13 ірі халықаралық іс-шара өтіп, олар экономикаға 18 миллион доллар табыс әкелген.
Медициналық туризм де қарыштап дамып келеді. Өткен жылы Қазақстанға ем іздеп шамамен 80 мың шетелдік пациент келген. Қазіргі таңда отандық 10 медициналық ұйым халықаралық JCI аккредитациясына ие. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған Медициналық туризмді дамытудың арнайы Жол картасы әзірленіп жатыр.