Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Жаңа жыл мерекесіне байланысты шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде деп жазады Оzgeris.info.
Мемлекет басшысын Жаңа жылмен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Президенті Ваагн Хачатурян және Армения Премьер-министрі Никол Пашинян құттықтады.
Сондай-ақ құттықтау жеделхаттарын Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрдің орынбасары Мансур бен Заид Әл Нахаян жолдады.
Мемлекет басшысын Марокко Королі VI Мұхаммед, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Испания Королі VI Фелипе, Испания Премьер-министрі Педро Санчес, Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия Федералдық канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар, Албания Президенті Байрам Бегай, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичс те Жаңа жылмен құттықтады.
Бұдан бөлек, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта, Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи, Корея Президенті Ли Чже Мёң, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайн, Руанда Президенті Поль Кагаме, Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун құттықтау жеделхаттарын жолдады.
Сонымен қатар ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ФИФА Президенті Джанни Инфантино, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер және өзге де халықаралық және өңірлік ұйымдардың басшылары Мемлекет басшысына ізгі тілектерін білдірді.
Құттықтаулар қатарында бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, шетелдік көрнекті саяси қайраткерлер, халықаралық ірі компаниялар мен қаржы институттарының жетекшілері, дипломатиялық миссия өкілдері мен өзге де ресми тұлғалар бар.
Жеделхаттарда Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екені айтылып, елге тұрақтылық, өркендеу және игілік тілеген.