💰 Экономика

Мемлекет ақша бөлерде өңірлерді алалай ма?

Былтырғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда білім беру саласына бұрын-соңды болмаған көлемде  422,8 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерге қарағанда, 6 есе көп. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сенсек, мұндай ауқымды қаржы бірінші кезекте республикалық бюджеттен бөлінген – жалпы көлемнің 80,8%-ы, яғни 341,7 млрд теңгесі тікелей орталықтан бағытталған. Тағы 54,3 млрд теңге жергілікті бюджеттен, 1,3 млрд теңге банк несиелері арқылы келіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Бір қарағанда, отандық білім саласын нығайтуға жасалған нақты әрі ауқымды қадам сияқты көрінеді. Алайда зерттеушілер мұндай күрт өсімге салқынқандылықпен қарап отыр. Себебі миллиардтар тек елдің бірнеше өңірінде шоғырланып, қалған аймақтарға мардымсыз үлес тиген.

Инвестиция кімге тиіп отыр? Ranking.kz жариялаған деректерге сүйенсек, ең көп инвестиция алған өңірлер – Алматы (75,5 млрд тг), Астана (66,8 млрд тг), Түркістан облысы (50,6 млрд тг), Шымкент (37,3 млрд тг) және Алматы облысы (34 млрд тг). Ал Ұлытау облысына бөлінген қаржы – небәрі 942 млн теңге. Солтүстік Қазақстан мен Жетісу облыстары да ең аз инвестиция алған өңірлердің қатарында.

Білім беру — болашақтың іргетасы. Бірақ қаржылай қолдау тек халық көп шоғырланған немесе саяси орталықтарға ғана бағытталса, аймақтық білім беру жүйелері одан әрі артта қалып, теңсіздік үдей түсуі мүмкін. Шалғай ауылдар мен шағын қалалардағы мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңармай, кадр тапшылығы шешілмесе, баланың болашағы туған өңіріне тәуелді болып қала береді.

Білім беру сапасына қатысты халықтың пікірі көңіл көншітпейді. Сауда және интеграция министрлігінің 2024 жылғы зерттеуі бойынша, 31% азамат білім сапасына наразы, ал 26% мұғалімдердің кәсіби деңгейін төмен деп бағалаған. Бұл көрсеткіштер, әсіресе мемлекеттік оқу орындарына қатысты айтылып отыр. Сонымен қатар оқу құрал-жабдықтарының тозуы, санитарлық талаптардың сақталмауы және педагогикалық этика нормаларының бұзылуы да халық тарапынан жиі айтылған сындардың қатарында.

 

Барлық жаңалық