Қоғам қайраткері, ағартушы және «Мазмұндама» баспасының директоры Шыңғыс Мұқан қазақстандық кітап нарығында қалыптасқан күрделі жағдайға назар аудартты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында ең ірі кітап дүкендерінің бірі саналатын «Меломан» желісінің шағын баспаларға қарыздары көбейіп кеткенін айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Шыңғыс Мұқанның айтуынша, баспа кітаптарын дүкендерге қарызға өткізген. Алайда сатылған кітаптардың ақшасы бірнеше айдан бері қайтарылмай отыр.
«Оларға кітаптарымызды қарызға береміз. Өткен кітаптардың ақшасын әлі ала алмай отырмыз, үшінші айға кетті. Өткен кітаптың ақшасын ұжымға айлық етіп үлестіріп беріп отырған шағын баспамыз. Кассамыз үзіліп қала жаздап тұр», дейді ол.
Баспа директорының сөзінше, бүгінде олардың қорында шамамен 500 атау қазақ тіліндегі кітап бар. Дегенмен, осындай жағдайдан кейін «Мазмұндама» енді «Меломанға» қарызға кітап бермеуді жоспарлап отыр.
«Меломанмен істеп жатқандар бар ма? Бәріңде осы мәселе ме?», деп сұрақ тастады Шыңғыс Мұқан.
Бұл пікір кітап нарығында кітап сатушылар мен баспалар арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты күрделі екенін көрсетіп отыр. Шағын баспалар үшін әрбір төлем – автор мен қызметкерлердің еңбекақысы, жаңа кітаптарға инвестиция. Ал қарыздардың уақытылы өтелмеуі тұтас салаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Меломанды қазақтар алғанда қуанып едік, енді өкініп отырмыз. Өткенде Шымкенттің Арман Берденов деген жігіті сатып алдық деп сұхбат беріп отырды», деді Ш. Мұқан.