Қазақстанда мектеп бағдарламалары мен білім беру стандарттары қайта қаралды. Жоспарлардың жаңартылған негізгі Заң ережелеріне сәйкестендірілгені туралы Үкіметтің кезекті отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтып берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министрдің дерегінше, бүгінде 12 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан аса бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның 360 мыңы мектеп табалдырығын аттауға даярлықтан өткен.
Еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында іске қосылған ваучерлік қаржыландыру пилоты аясында 1,1 миллион ваучер үлестірілді.
«Бұл бастама 2–6 жас аралығындағы балалардың кезегін 160 мыңнан 23 мыңға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 35,3 миллиард теңге бюджет қаражаты үнемделді. Оған қоса, 100 балабақша базасында балаларды ерте бастан еңбекке баулу мен кәсіптік бағдар берудің пилоттық жобасы жүріп жатыр», - деді ведомство басшысы.
Қазіргі таңда республика бойынша 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 380 мың бала 1-сыныпқа барса, 227 мың оқушы жоғары — 11-сыныпқа қадам басты. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам түлек мектепті аяқтады.
Білім беру мазмұнына енгізілетін негізгі жаңашылдықтар:
· «Конституция негіздері» курсы — 5–7 сыныптарға;
· «Заң және тәртіп» курсы — 8–11 сыныптарға;
· «Жеке қауіпсіздік» курсы — 5–11 сыныптарға міндетті түрде оқытылады.
Бұрын элективті (таңдау) пән саналған «Құқық негіздері» енді барлық оқушылар үшін міндетті пәндер тізіміне енгізіліп, мазмұны Конституция талаптарына сай толық жаңартылды.