🌐 Әлем

Мәскеудегі салтанатты шеру: Қызыл алаңдағы парадты Павлодарлық генерал басқарды

Мәскеудегі салтанатты шеру: Қызыл алаңдағы парадты Павлодарлық генерал басқарды

Ресей астанасында Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 81 жылдығына арналған әскери шеру мәресіне жетті. Биылғы салтанатты шараға Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Лаос президенттерімен бірге Малайзия королі және Словакия премьер-министрі арнайы келді. Словакия үкіметінің басшысы Роберт Фицо парадқа бармағанымен, Мәскеудегі Белгісіз солдат бейітіне гүл қою рәсіміне қатысты. Мәскеу уақытымен таңғы сағат 10-да басталған әскери жорық бар болғаны 45 минутқа созылды. Қызыл алаңдағы айбынды шеруге Павлодар тумасы, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-полковник Андрей Мордвичев жетекшілік етті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ресей басшысы Владимир Путин Жеңіс күнін қасиетті мереке деп атап, трибунада құрметті қонақтармен бірге болды. Оның жанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь лидері Александр Лукашенко және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев отырды. Ақорда Мемлекет басшысының трибунадағы сәттері мен Ресей әскерінің сап түзеп өткен бейнелерін жұртшылыққа ұсынды. Салтанатты жиыннан соң Қазақстан Президенті Александров бағындағы Мәңгілік алауға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Биылғы парадтың басты ерекшелігі – көп жылдан бері алғаш рет ауыр әскери техника мен қару-жарақ ортаға шыққан жоқ. Кремль бұл шешімді аймақтағы шұғыл жағдайлармен түсіндірді. Дегенмен әуе шеруі жоспарға сай өтіп, аспанда истребительдер мен штурмовиктер бой көрсетті. Ұшақтар тобы Мәскеу аспанын Ресей туының түстеріне бояды. Сонымен қатар жаяу әскер сапында Ресейдің түрлі әскери оқу орындарының курсанттарымен бірге тарихта тұңғыш рет Солтүстік Корея сарбаздары шеру тартып өтті. Шара аяқталған соң қаладағы мобильді интернетке қойылған шектеулер бірден алынып тасталды.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жеке кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық қырларын талқылады. Көшбасшылар алдағы уақытта Қазақстанда өтетін кездесулердің жайын да сөйлесті. Кремль Қазақстан Президентінің бұл сапарын нағыз достық қадам ретінде бағалады. Мереке күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын құттықтап, Қазақстанның Жеңіске қосқан орасан зор үлесін ерекше атап өтті. Ол майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қаһармандығы ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын жеткізді.

Барлық жаңалық