Мәскеу қаласының соты Нұрсұлтан Назарбайұлы Назарбаевқа қатысты арнайы шешім шығарды. Бұл оқиғаның Қазақстанның тұңғыш президентіне еш қатысы жоқ. Айыпталушы орындығында Ресей астанасында тұратын экс-президенттің толық аттасы отырды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kz.kursiv.media сайтына сілтеп.
Бұл іс 2025 жылдың 14 қазанынан бастау алады. Сол күні Назарбаев есімді азамат "0225287484106" нөмірлі қаулымен 2000 рубль көлемінде айыппұл арқалады. Қазіргі бағаммен есептегенде бұл шамамен 12 мың теңгені құрайды. Жаза көбінесе жол ережесін бұзған немесе көлік тұрағының ақысын төлемеген адамдарға беріледі.
Сот шешімі сол жылдың 9 желтоқсанында заңды күшіне енді. Ресей заңнамасына сай қарызды қайтаруға екі ай уақыт беріледі. Алайда 111555 индексі бойынша тіркелген мәскеулік тұрғын ақша төлеуге асықпады.
Берілген мерзім өтіп кеткендіктен 2026 жылдың 10 ақпанында түнгі сағат 00:01-де жаңа құқық бұзушылық тіркелді. Тәртіп сақшылары "CCC 0562282" нөмірлі хаттама толтырды. Одан кейін құжаттар сотқа жолданды.
Істі Ивановское ауданындағы 285-ші сот учаскесінің судьясы Н. К. Титова қарады. Мекеме Перовская көшесіндегі 57-ші үйде орналасқан. Ашық отырыс 2026 жылдың 22 маусымында өтті. Жауапкер жиынға келген жоқ. Ол себебін түсіндірмеді және процесті кейінге қалдыруды сұрамады.
Судья істі сырттай қарауға шешім қабылдады. Нәтижесінде "05-0395/285/2026" және "77MS0285-01-2026-001636-26" нөмірлі іс бойынша жаңа үкім оқылды. Нұрсұлтан Назарбайұлы Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.25-бабының 1-бөлігіне сай кінәлі деп танылды. Енді ол уақытында төленбеген қарызы үшін екі еселенген жаза өтейді. Айыппұл сомасы 4000 рубльге дейін өсті.
Азаматқа жаңа түбіртекті төлеу үшін тағы 60 күн берілді. Талап орындалмаған жағдайда қаражат мәжбүрлі түрде өндіріп алынады.