Әнші Ұланғасыр Қами алғаш рет даулы видеосына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол бұл туралы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» ютуб арнасында айтты. Журналист әншіге «Кімнен қашып жүрсің, кімнен таяқ жедің?», деген сұрақ қойған.
«Бұл көптің сұрағы болып кеткен. Ешқашан жауап бермегенмін. Әлі күнге дейін бұл туралы намысқа тиетін сөздер жазады. Бірдеңе салсам астына «Үшаралға тойға барасың ба?», «Таяқ жеген жігіт емес пе?» дейді. 2023 жылы Үшаралға тойға барамыз. Мен қазір шындығымды ғана айтамын. Бұған көп адамдар сенбейді. Мен үйреніп те қалғанмын. Мойындаймын, жас болдым, мас болдым. Қазір ойлап отырсам, «жұлдыз ауруы» деген бар екен. Сол кезде өткізген екенмін. Той басталып, екі рет шығуға келіскенбіз. Үстімде аппақ костюм. Бірінші шыққанда жақсы орындап, екіншісін үстіңгі этажда күттім. Сол жерде отырып ауышып қалғанмын. Содан арқам қозып, төбелес бастағым келіп кеткен. Ол видеоның қалай таралғанын, кім таратқанын да білемін. «Ұланғасыр Қами Үшаралға барып таяқ жеді» деген тақырыппен жатқан видеом да бар. Бірақ олай болмаған. Сол жақтан бір деген шрам қалған. Бірінші рет шәйғаның деген шығар. Терезені шағып жібергенмін. Содан ақ костюмім қан болған», –деді әнші.