Отандасымыз әлеуметтік желіде көпшілікті таңғалдырған оқиғасын бөлісті. Ол Kaspi қосымшасы арқылы ақша аудармақ болып, қате шот нөмірін теріп жібереді. Біраз уақыттан соң аударым түскен адамның бес жыл бұрын қайтыс болғаны белгілі болған, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл жағдай Threads желісінде қызу талқыланды. Жазбаға бірнеше жүздеген лайк жиналып, пікір қалдырғандар екіге бөлінді. Бірі мұндай қателік әркімнің басында болуы мүмкін десе, енді бірі клиенттің өз қателігі үшін банк жауап бермейтінін атап өтті.
«Ақша аударғанда мұқият болу керек. Мұндайда қаржы ұйымының кінәсі жоқ», деген сынды пікірлер көп айтылды.
Банк не дейді? Kai.kz өкілдері жағдайға түсініктеме берді. Компанияның ресми жауабында:
«Қайтарым жасау банктің құзырында емес. Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңына сәйкес, аударымды тек алушының келісімімен қайтаруға болады. Бұл жағдайда қаражатқа мұрагер ғана заңды құқығын рәсімдеген соң қол жеткізіп, қажет болса, ақшаны қайтарып бере алады», деп түсіндірді.
Мұндай жағдайлар жиі болмаса да, кейде орын алып тұрады. Заң бойынша, қайтыс болған адамның шотындағы барлық қаражат мұрагерлік іс рәсімделгеннен кейін ғана иесіне өтеді. Ал банк мұрагерлік рәсім аяқталмайынша ешқандай өзгеріс енгізе алмайды.