Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыдан Маңғыстау облысына келіп, «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмінің негізгі түсіріліміне дайындықты бастады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнер иесін әуежайдан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды.
Қонаққа қазақтың ұлттық тағамдары – қымыз бен бауырсақ ұсынылды. Джеки Чан жылы қарсы алғаны үшін ризашылығын білдіріп, Маңғыстаудың ерекше табиғаты жаңа фильмнің есте қаларлық көріністерінің біріне айналатынына сенім білдірді.
Жоба аясындағы басты түсірілім алаңдарының бірі ретінде Бозжыра шатқалы таңдалған. Бұған дейін фильмнің бірқатар көріністері Алматы облысындағы Қаскелең қаласында түсірілген болатын.
Еске салайық, бұған дейін Джеки Чан Алматыдағы Оқушылар сарайында оқушылармен және жасөспірімдермен кездесіп, жанкүйерлерімен жүздескен еді. Кездесу барысында актерге қазақтың дәстүрлі қамшысы сыйға тартылды.
Сондай-ақ Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе актерге Kaspi Gold картасын табыстаған болатын.