Маңғыстау облысының бірнеше тұрғыны «Даму» қорынан несие рәсімдеп беремін деген әйелге алданып қалғанын айтып, прокуратурадан көмек сұрады. Жәбірленушілердің сөзінше, олар алаяққа қолма-қол ақша беріп, өздері мен туыстарының атына несие алған. Келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңгеге жуықтайды, деп жазады Ozgeris.info.
Ақтауда жеміс-жидек сататын Данагүл Яхшимурадова жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жәрмеңкеден сауда орнын алмақ болған. Сол кезде танысы оны Мария есімді әйелмен жолықтырған. Данагүлдің айтуынша, әйел өзін билік өкілі ретінде таныстырып, әуелі жәрмеңкеден орын алуға көмектескен. Кейін «Даму» қорынан несие алып беруге уәде етіп, түрлі сылтаумен одан ақша сұраған.
Данагүл Яхшимурадованың сөзінше, ақша есепшот ашуға, мөр жасатуға және жеке кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысты рәсімдерге қажет делінген.
«Есепшот ашу үшін 600 мың теңге төледім. Мөрге деп 300 мың теңге төледім. ИП-ға, ТОО-ға деп бәріне төлемі бар деді. Кейін есептеп қарасақ, жалпы 30 миллион теңгедей ақша кетіп қалған. Төрт адамның атына несие алынды: інімнің, ағамның, жеңгемнің және менің атыма», — деді ол.
Данагүлдің ағасы Бердімұрат Яхшимурадовтың айтуынша, отбасы жеті ай бойы Марияға ақша беріп келген.
«Отбасымызбен жеті айда 30 миллион теңгені бердік. Біз оған сеніп, ақша бере бердік. Өзіміз де мойындаймыз, сауатымыз төмендеу болды», — деді ол.
Данагүлдің ағасы көршілеріне де елордадан келген шенеунік «Даму» қорынан несие алуға көмектесіп жатқанын айтқан. Соған сенген көршілері де әйелге ақша беріп, шығынға батқанын айтады. Жәбірленушілердің бірі Сапаргүл Хабиболлаеваның сөзінше, ақша такси арқылы жеткізілген, ал төлемдер мен хат алмасулардың дәлелдері сақталған.
«Қолма-қол алатын, такси жіберетін. Чектерім бар, кімге ақша аударғаным да тұр. Барлық чекті жинап, жіберіп отырмын. Хат алмасуларды да көрсетіп, аудандық полицияға дәлелдедік. Сонда да нәтиже болмай жатыр», — деді ол.
Жәбірленушілер алаяқтыққа тап болғанын білген соң аудандық полиция бөліміне арызданған. Олардың айтуынша, қолхат болмағандықтан және айғақ жеткіліксіз деген себеппен іс жабылған. Бүгін тұрғындар аудандық прокуратураға қайта арыз түсірді.
Мұнайлы ауданының прокуроры Бауыржан Бердібеков жәбірленушілердің арызы негізінде құжаттарды көтеріп, істі зерделейтінін айтты.
Тұрғындар қарызды өтей алмаған жағдайда баспанасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Олар өздерін алдады деп айыптап отырған адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, жауапқа тартылуын талап етеді.