Соңғы күндері Маңғыстау облысында автогаз құю бекеттерінде (АГЗС) ұзын-сонар кезектер пайда болып, жүргізушілер наразылықтарын білдіруде деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтемемен.
Бір тұрғынның айтуынша, ол 11 қазан күні таңғы сағат 07:50 шамасында жанармай құю бекетіне келген. Сол кезде станция әлі ашылмаған, алайда кезекте бес көлік тұрған. Ал бір жарым сағат өткен соң көлік саны отызға жеткен.
«Билік бұл жолы қандай сылтау айтар екен? Қазір туристер де жоқ, демек, газ жетіспеушілігінің басқа себебі бар», – деп ашуланды жүргізуші.
Бұл жағдайға түсініктеме берген Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірдің еліміздегі сұйытылған мұнай газын (СНГ) ең көп тұтынатын аймақтардың бірі екенін атап өтті. Ай сайынғы тұтыну көлемі шамамен 18 мың тоннаға жетеді.
Басқарманың мәліметінше, газдың негізгі бөлігі облыстағы Қазақ газ өңдеу зауытынан жеткізіледі. Ал жетіспейтін көлем бұған дейін Атырау зауытынан алынып келген. Алайда биыл қазан айында Атыраудағы зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстары басталғандықтан, қажетті 3 658 тонна газ Ақтөбе зауытынан тасымалдануда.
Бұрын Атыраудан өнім автокөлікпен жеткізілсе, Ақтөбеден жеткізу теміржол арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты газдың өңірге жету уақыты ұзарған.
Нәтижесінде, қазан айында сұйытылған газдың тәуліктік жеткізілу көлемі төмендеп, кейбір бекеттерде көліктердің ұзақ кезегі байқалып отыр. Жүргізушілер бұл мәселе жуық арада шешіледі деген үмітте.