Маңғыстау облысы

Маңғыстауда екі оқушыға жабайы түлкі шабуыл жасады

Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінде екі мектеп оқушысына жабайы түлкі шабуылдап, балалар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Оzgeris.info. Оқиға 21 қараша күні тіркелген.

 

Бейнеу аудандық көпсалалы ауруханасының дерегінше, ата-аналарымен келген 2011 және 2018 жылы туған балалардың аяқтарынан жарақат анықталған. Медициналық картада «балаларға қарсақ (түлкінің бір түрі) шабуылдаған» деп көрсетілген.

 

Дәрігерлердің айтуынша, травматолог бір баланың оң аяғынан, екіншісінің сол аяғынан тістеу мен сыдырылу іздерін тапқан. Екі оқушының да жаралары өңделіп, қажетті екпелер салынған. Қазіргі таңда олардың жағдайы қанағаттанарлық, амбулаториялық бақылауда.

 

Ал жергілікті эколог Әділбек Қозыбақов оқиғаға себепкер болған аң қарсақ емес, кәдімгі түлкі екенін айтады. Оның сөзінше, жануарлардың құтыруға шалдыққан болуы мүмкін, сондықтан жабайы аңдарға жақындау аса қауіпті.

 

«Егер жабайы жануарлар адамға шабуыл жасаса немесе күдік тудырса, бірден мамандарға хабарлау қажет. Ал тістеп немесе қауып алған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну — ең дұрыс шешім», – дейді эколог.

Барлық жаңалық