Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген түзетулермен келісе отырып, жаңа Салық кодексін қабылдады. Енді құжат Президенттің қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
23 маусымда Сенат құжаттағы кейбір тармақтармен келіспей, оны Мәжіліске қайта жолдап, бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынған.
Атап айтқанда, табысы 230 000 АЕК-тен асатын фермерлерге 4,5 пайыздық салық енгізіледі. KASE биржасындағы бағалы қағаздардан табысқа жеке табыс салығы салынбайды. Төлем карталарымен жасалатын операциялар қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылады.
Сонымен қатар, құны 75 миллион теңгеден асатын көліктерге, яхталар мен ұшақтарға акциз салығы енгізіледі. Кемінде 10 мүгедек қызметкері бар компаниялар ҚҚС-тан босатылады. Отандық газет-журналдарға ҚҚС мөлшері 10 пайыз болады.
Жаңа салықтар немесе жеңілдіктерді алып тастау тек 1 шілдеге дейін жарияланып, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Президент қол қойған жағдайда, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.