Қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев жуырда ұзатқан қызы Алтынайдың тұрмысқа шығуына қатысты әсерлі жазба жариялап, күйеу баласы мен құдалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
5 маусым күні бизнесмен үшінші қызы Алтынайды ұзатып, ауқымды той өткізген болатын. Жәкішев қызының өмірлік жарын тапқанына қуанышты екенін айтып, оқырмандарына күйеу баласы Карл туралы баяндады.
Оның айтуынша, жастардың қарым-қатынасы аяқ астынан пайда болмаған. Алтынай мен Карл бір-бірін алты жылдан бері таниды. Екі жыл бұрын Карл арнайы Алматыға келіп, қыздың әкесінен рұқсат сұраған.
«Карл маған ұнайды. Азаматтық ұстанымы дұрыс, мақсаты айқын. Ең бастысы – қызымды шынайы жақсы көреді», – деп жазды Мұхтар Жәкішев.
Кәсіпкер жазбасында үлкен қызы тұрмысқа шыққан кезде түрмеде отырғанын да еске алды. Оның айтуынша, сол уақытта қызының тойына қатыса алмаған.
«Үлкен қызым ұзатылғанда мен түрмеде болдым. Әке ретінде тек хат жазып, ақ батамды жолдай алдым. Ол хат тойда оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша», – деді ол.
Мұхтар Жәкішевтің сөзінше, өзі қамауға алынғанда Алтынай небәрі тоғыз жаста болған. Кейін қыз әкесіз өсіп, шетелде білім алған.
«Ол менсіз есейді. Бірақ сынбады. Мектепті, кейін университетті аяқтады. Қазір кәсіби журналист әрі табысты модель ретінде қалыптасты», – деп жазды кәсіпкер.
Сондай-ақ ол қызының әлемдік брендтердің жарнамасына түсіп жүргенін мақтан тұтатынын жеткізді. Сонымен бірге дәл қолдау қажет болған шақтарда жанында бола алмағанына өкініш білдірді.
Жәкішев желідегі теріс пікірлерге де жауап беріп, адамның ұлты емес, адами қасиеті маңызды екенін атап өтті.
«Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады», – деді ол.
Кәсіпкер жаңа құдаларын да жоғары бағалайтынын жасырмады. Оның айтуынша, Ұлыбританияда ұзақ жылдардан бері өмір сүріп жатқан құдалары өз тамырын ұмытпаған. Тойға олардың көбі ұлттық киіммен келген.
Сондай-ақ ол күйеу баласының әкесі Генри туралы да жылы пікір білдірді. Жәкішевтің сөзінше, Генримен әлемдік экономика жайлы әңгімелесіп, жақсы әсер алған.
«Карлдың отбасының қызыма деген ықыласы мен құрметіне ризамын», – деп түйіндеді ол.