📰 Сарапшылар пікірі

Ломбардтағы қарыз несие тарихына әсер ете ме?

Көп адам ломбардтан ақша алғанда оның несие тарихына ықпал ететінін білмейді, деп жазады Ozgeris.info.

Әдетте жұрттың ойында бір ғана түсінік бар: «қолма-қол ақша алдым, орнына алтын немесе техника қалдырдым, яғни қарыздың өтемі сол болды». Бірақ бұл дұрыс емес. Заңгер Алмаз Отаровтың айтуынша, ломбардтан алынған қарыз да кез келген басқа несие секілді қаржылық міндеттеме саналады. Егер оны уақытында өтемесеңіз, бұл ақпарат міндетті түрде бірыңғай кредиттік бюро базасына түседі.

«Мәселен, бір адам ақша керек болған кезде ол алтын сырға мен сақинасын ломбардқа өткізеді де, 500 мың теңге алады. Бұйымдарының ішінде сынғандары болғандықтан, оларды қайтарып алуды қажет деп санамайды. Арада бірнеше апта өткен соң телефонына хабарлама келеді. Онда былай жазылған: «Қарызыңыздың төлем мерзімі өтіп кетті. Бұл жағдай сіздің кредит тарихыңызда кешіктірілген күн ретінде тіркеледі», дейді ол.

Осы хабарлама оның болашақта банк несиесін ала алмай қалуына себеп болады. Кейін тексеріп қараса, ломбардтағы сол қарызы несие тарихында «мерзімі кешіктірілген» деп көрсетіліп тұрады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, ломбард қарыз алушыға 30 күн уақыт береді. Егер осы мерзім өткен соң төлем жасалмаса, кепілге қойылған бұйым сатылады немесе ломбард меншігіне өтеді. Бұл жағдайда қарыз жабылады, бірақ кредит тарихында «просрочка» деген белгі қалады.

Алмаз Отаров бұл туралы былай дейді:

 «Кредит тарихындағы әр кешіктірілген төлем адамның қаржылық беделін төмендетеді. Егер банк несие сұраған азаматтың тарихында осындай белгіні көрсе, жаңа қарыз беруден бас тартуы мүмкін. Сондықтан ломбард алдындағы қарыз да, банк алдындағы қарыз сияқты маңызды».

Маманның айтуынша, ломбард қарызды кешірсе де, бұл факт кредит тарихынан жойылмайды. Ломбард «қарыз өтелді» деп шешсе де, кешіктірілген күндердің дерегі жүйеде сақталады. Бұл болашақта несие алу кезінде ескеріліп отырады. Сол себепті ең дұрысы ломбардтан алған ақшаны уақытында қайтару немесе төлем мерзімін ресми түрде ұзарту.

Барлық жаңалық