Лионель Месси испан футболында жаңа белеске қадам басты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Қазір АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнап жүрген аргентиналық жұлдыз каталониялық «Корнелья» клубын сатып алып, оның иесі атанды.
Клубтың баспасөз қызметі бұл ақпаратты ресми сайтында жариялап, Мессидің бұл қадамы оның Барселонамен тарихи байланысының әлі де үзілмегенін айғақтайтынын атап өтті.
«Бұл шешім Мессидің Каталониядағы спортты дамытуға және жергілікті таланттарды қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді. Оның Барселонамен байланысы ойыншы ретіндегі жылдарында қалыптасып, бүгінге дейін жалғасып келеді», – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, «Корнелья» клубы 1951 жылы құрылған. Қазіргі таңда команда Испанияның үшінші дивизионында өнер көрсетеді. Өз матчтарын 1500 орындық «Ноу Камп Мунисипаль» стадионында өткізеді.