Қазақстан Үкіметінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста Алматы тауларындағы ауқымды "Almaty SuperSki" тау шаңғысы кластерінің құрылысы қызу талқыланды. Қоғамда түрлі пікір тудырған жобаның жұмысы енді барынша жеделдемек, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жаңа кешеннің ауқымы расымен де таңғалдырады. "Kazakh Tourism Development" компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың мәліметінше, Алматы тау-кен кластерін дамыту шеңберінде алып инфрақұрылым бой көтереді.
Жоба аясында мынадай нысандар салынады:
-
Ұзындығы 60 шақырымды құрайтын халықаралық стандарттағы тау-шаңғы трассасы.
-
11 заманауи аспалы жол желісі.
-
Күніне 10 мыңнан астам адамды еркін қабылдай алатын туристік инфрақұрылым.
Айта кетерлігі, нысанның бас жоспарын әлемге әйгілі британдық "Foster + Partners" сәулет бюросы дайындаған.
Алып құрылысқа қатысты қоғамдағы басты алаңдаушылық – тау экожүйесінің бұзылуы еді. Алайда, Экология министрі Ерлан Нысанбаев бұл күдікті сейілтуге тырысты. Оның айтуынша, министрлік ғалымдар мен жетекші эколог мамандарды тарта отырып, алдын ала жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізген.
"Оның қорытындысы бойынша жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға кері әсер етпейтіні анықталды", – деп нақтылады экология ведомствосының басшысы.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жобаны уақтылы, әрі жылдам жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Қоғамдағы түрлі сыни көзқарастарға қарамастан, жұмысты тездету қажеттігін кесіп айтты.
"Барлық қажетті шешімдер қабылданды. Сондықтан сын айтатындар, әрине, бола береді. Оған қарамай, бәрін тездетіп жүзеге асыру керек. Бізге нақты нәтиже керек", – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов құрылыс барысында экология талаптарына баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, халық арасында түсінбеушілік туындамас үшін, жауапты тұлғаларға жобаның барлық кезеңінде жұртшылыққа тұрақты түрде ашық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруды міндеттеді.