Белградта көз жұмған қазақстандық қыздың ісі бойынша куәгер бейнеүндеу түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін Сербия астанасында Қазақстан азаматының қайтыс болғаны хабарланған еді. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарап, бойжеткеннің жақындары отбасына көмек көрсетуді және оқиғаның мән-жайын тексеруді сұраған болатын.
Бұл оқиға өз пәтерінде болған жас жігіт көпшілікке мәлімдеме жасады. Бейнеүндеуде ол жазбаны барынша таратуды сұрап, өзіне қоқан-лоқы жасалып жатқанын және өзі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатқанын айтты.
«Мен туралы жалған ақпарат таратып, маған сес көрсетіп жатыр. Амираның ата-анасы тергеудің аяқталуын да күтпестен, ешбір дәлелсіз, бірде-бір айғақсыз мені оған бірдеңе істеді деп айыптап жатыр. Ал шын мәнінде ол менің көз алдымда балконнан секіріп кетті, мен әлі күнге дейін мұның себебін толық түсіне алмай отырмын.Оның блокнотындағы жазбаларды оқығанымызда жағдай сәл де болса айқындалды. Амираның суицидтік ойлармен ұзақ уақыт бойы күресіп, депрессияда болғаны белгілі болды. Осы бір өкінішті жағдайлардың сәйкес келуінен ол мұны менің пәтерде және менің көзімше жасауды ұйғарған», — делінген үндеуде.
Оның айтуынша, ол марқұмның ата-анасымен байланысуға тырысуда. Жазба авторы бойжеткеннің отбасы бейнежазбаларды жариялауды тоқтатып, әлеуметтік желілерден ол туралы жазбаларды өшіріп тастағанын атап өтті.
«Егер олар байланысқа шығып, бұл қайғылы оқиғаға менің кінәлі емес екенімді мойындауға дайын болса, мен де оларға қазір өте ауыр екенін түсіне отырып, барлық бейнелер мен жазбаларды бірден өшіремін және пікір білдірмеймін. Мен де адаммын, бұл жағдай маған да өте ауыр тиді», — деп қосты ол.
Сондай-ақ ол болған оқиғаның мән-жайын
тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеп, ол аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.