Шоу-бизнес

«Көре алмай өліп бара жатыр»: Нұрлан Еспанов ұлының билет дауына жауап берді (ВИДЕО)

«Көре алмай өліп бара жатыр»: Нұрлан Еспанов ұлының билет дауына жауап берді (ВИДЕО)

Әнші Нұрлан Еспанов қыркүйек айында өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына билет сату дауына байланысты алғаш рет пікір білдірді. Өнер иесі бұл жайттың мән-жайын «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

 

Еспановтың айтуынша, билеттің тапшылығы жанкүйерлер арасында түсініспеушілік тудырған.

 

«УЕФА сайтынан билет алу қиындап кетті. ЖСН сұрайды, басқа мәліметтер сұрайды. Егер бізде 50 билет болса, өзім барып алмасам ба? Өзім билет таппай қалдым. Кезегіміз келсе де 150 мың теңгелік билетті ала алмадық», – деді әнші.

 

Оның сөзінше, ұлына бір қыз әлеуметтік желіде хабарлама жариялап беруді өтінген, ал халық жағдайды дұрыс түсінбей, сынға алған.

 

«Балам билет сататын адамға ұқсайды ма? Ол өмірінде ештеңе сатып көрмеген. Адамдар ойланып жатпайды. Көре алмаушылық көп», – деп ашынды Еспанов.

 

Әнші бұл жағдайдың артық айтылған пікірлерден туындағанын айтып, 50 билетті ешкім сайттан ала алмайтынын нақтылады:


«Бір адамға екі билеттен артық сатылмады. Ол екі билетті сақтаймын ба, сыйлаймын ба – өзім білемін», – деді ол.

 

Еспанов елдегі футбол жанкүйерлігінің деңгейіне де тоқталды.


«Галатасарайдың 100 жанкүйері бүкіл стадионды жаңғыртып жіберген кезді көрдім. Бізде керісінше “ақша төледік қой, ойнасын” деп қарап отыратындар көп», – деді ол.

 

Әншінің пікірінше, жанкүйерлер арзан ойындарға үйреніп қалғандықтан, жоғары деңгейдегі матчтарға қызығушылық төмендеп жатыр.

 

«250 мың теңгелік билеттерге біздің жанкүйерлер дайын емес. Арзан футболға үйретіп қойдық. Футбол емес, біздің жеткізу жолы арзан», – деді Еспанов.

 

Барлық жаңалық