Әйгілі ирландиялық спортшы, UFC-дің бұрынғы қос чемпионы Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне үміткер болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнеүндеуінде ол премьер-министр кеңсесінің алдында тұрып, ел азаматтарына үн қатты. Макгрегор президент болған жағдайда бірде-бір заң жобасына халықтың қолдауысыз қол қоймайтынын айтты.
Спортшы қазіргі үкіметтің 200 күннен астам уақыт бойы құрылмай отырғанын сынға алып, осы уақыт ішінде халықтың қауіпсіздігі мен болашаққа сенімі әлсірегенін жеткізді. Сондай-ақ ол қаңғыбас балалар санының артуы, мигранттардың жаппай келуі, туризмнің қысқаруы және көшелердегі қауіптіліктің өсуін биліктің әлсіз саясатының салдары деп атады.