Алматы облысындағы Көлсай көлінде демалып жүрген 16 жастағы қызды жылан шағып алды. Зардап шеккен жасөспірімге құтқарушылар жедел көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оқиға Көлсай көлінің аумағында болған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, көл жағасында серуендеп жүрген демалушылар жақын маңда кезекшілік атқарып жүрген құтқарушылардан көмек сұраған.
Жедел-құтқару жасағының мамандары бойжеткенге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін оны қызметтік автокөлікпен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізген. Қазіргі таңда жасөспірім дәрігерлердің бақылауында.
Осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жаз мезгілінде жыландардың белсенділігі артатынын еске салды. Ведомство табиғат аясында, әсіресе таулы және орманды аймақтарда демалатын азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.