Киелі Бекет Ата жерасты мешітіне жол тартып ізім-ғайып жоғалған үш жолаушы аман-есен табылды. Олардың көлігі жолшыбай ми батпаққа батып қалған. Сол себепті азаматтар сапарын әрі қарай жалғастыра алмай далада түнеуге мәжбүр болды. Бұл аумақта ұялы желі ұстамағандықтан ешкіммен байланысқа шығуға мүмкіндік болмапты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жолаушыларды ең бірінші болып Бейнеу ауданының полиция қызметкерлері тапты. Тәртіп сақшылары көлікті Қыдырша ата мекенінен шамамен 35 шақырым қашықтықта байқаған.
Осылайша Маңғыстау облысындағы үлкен іздеу шарасы сәтті аяқталды. Полиция өкілдері осынау қиын сәтте қол ұшын созып құтқару жұмыстарына қатысқан барша азаматқа үлкен алғыс білдірді.