Жаңалықтар

"Клиенттер қазақша сұрамайды": Алматыдағы Kaspi Bank бөлімшесінде қазақша анкета жоқ болып шықты

"Клиенттер қазақша сұрамайды": Алматыдағы Kaspi Bank бөлімшесінде қазақша анкета жоқ болып шықты

Алматыдағы Бөгенбай батыр – Абылай хан көшелерінің қиылысында орналасқан Kaspi Bank бөлімшесінде заңды тұлғаларға арналған анкетаның қазақша нұсқасы болмаған, деп хабарлайды ozgeris.info.

Бұл туралы әлеуметтік желіде қала тұрғыны жазды.

Айтуынша, банк менеджерлерінен құжаттың мемлекеттік тілдегі үлгісін сұрағанымен, қызметкерлер базадан таба алмаған. Олар қазақша нұсқасы мүлде жоқ екенін айтып, мұны «құрастырушылар жасамаған» деп түсіндірген.

Автордың сөзінше, банк өкілдері «клиенттер қазақша сұрамайды» деген уәж келтірген. Алайда азамат мемлекеттік тілдегі құжаттың сұрауға байланыссыз, заң бойынша болуы тиіс екенін айтқан. Бұған нақты жауап берілмеген.

Кейін бөлімше қызметкері хабарласып, анкетаның қазақша нұсқасын дайындап жолдайтынын жеткізген. Дегенмен автор бұл құжаттың кейін банк базасына енгізілетініне күмән келтірді.

Желі қолданушысы бұл жағдайды жеке клиенттің талабы емес, мемлекеттік тілдің іс жүзіндегі ахуалы деп бағалап, қазақша сөйлейтін клиенттері басым банкке мемлекеттік тілдегі қарапайым құжаттың болмауы түсініксіз екенін атап өтті.

Барлық жаңалық