Жаңалықтар

KIMEP-тегі дау: Жыныстық қудалауға айыпталған профессор экс-деканнан теріске шығаруды талап етті

KIMEP-тегі дау: Жыныстық қудалауға айыпталған профессор экс-деканнан теріске шығаруды талап етті

KIMEP университетіндегі жыныстық қудалауға қатысты дау жаңа сипат алды. Өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған профессор Надим Накви бұрынғы декан Жейсон Гейнусқа ресми сотқа дейінгі талапарыз жолдады. Профессор бұл мәлімдемелерді жалған әрі жала деп атап, экс-деканға сөзін көпшілік алдында теріске шығару үшін 14 күн уақыт берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Надим Накви экс-декан Гейнустың хаттарында көрсетілген үш негізгі тұжырымды негізсіз деп санайды:

  • 2013 жылғы кампустағы оқиға: Кампус аумағына жеңіл жүрісті қыздарды әкелу оқиғасына қатысты Накви ол кезде университеттен тыс жерде тұрғанын, кампусқа тек 2015 жылы көшіп келгенін айтады. Оның сөзінше, бұл жағдайға қазір өмірде жоқ Дональд Хоскинс есімді басқа адамның қатысы болған.

  • Блогтағы жазба: Гейнус дәлел ретінде Гаутам Бхаттачарья есімді адамның жеке блогындағы жазбаға сілтеме жасаған. Накви мұны ешқандай редакциялық бақылаудан өтпеген, тексерілмеген дереккөз деп атайды.

  • Джорджия университетіндегі жағдай: Наквидің пікірінше, оның АҚШ-тағы университеттен «жыныстық қудалау ісі бойынша ресми тергеуден кейін» жұмыстан шығарылғанын дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ ұсынылмаған.

"Бұл айыптауларды ресми ішкі немесе реттеуші арналарды айналып өтіп, барлық студенттер арасында қасақана тарату ешқандай заңды мақсатты көздемейді. Бұл репутацияға барынша нұқсан келтіруге, сыртқы бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан тергеу бастауға бағытталған", – деп жазды Накви өз талапарызында.

Профессордың талабына сәйкес, Жейсон Гейнус 14 күн ішінде айыптауларды таратуды тоқтатуы тиіс. Ол бұған дейінгі хат жіберілген тізім бойынша (студенттер, университет президентінің кеңсесі және Білім министрі) ашық теріске шығару мәлімдемесін жасауы керек. Сондай-ақ, БАҚ-қа және анонимді Telegram-боттарға берілген материалдарды қайтып алуы міндеттелді.

Егер бұл шарттар орындалмаса, Накви ҚР Азаматтық кодексінің 143-145 баптары (Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау) бойынша Қазақстан сотына шағым түсіретінін ескертті.

Бұл шулы оқиға Ләззат Әбішева есімді желі қолданушысының Threads қосымшасындағы жазбасынан кейін тұтанған болатын. Ол Надим Наквидің 1999 жылы Джорджия университетінен студенттерге жыныстық қудалау көрсетті деген тергеуден кейін жұмыстан қуылғанын жазған. Ақпарат әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.

Осы талқылаулар аясында студенттерге KIMEP Әлеуметтік ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы Жейсон Гейнустың хаты келген. Гейнус хатында Наквиге қатысты басшылықпен туындаған келіспеушіліктерге байланысты қызметінен кеткенін мәлімдеген. Оның айтуынша, университет әкімшілігі 30 жыл бұрынғы оқиғаны "ескірген" деп санап, бұл мәселені көтермеуді сұраған, тіпті жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, профессорды қорғайтын ішкі саясат әзірлеуге мәжбүрлеген. Соңында Гейнус студенттерді оқу орнының әділ шешім шығаратынына сенбей, БАҚ өкілдеріне жүгінуге шақырған болатын.

Барлық жаңалық