🏛️ Саясат

Киберполиция шетелдегі жұмысқа қатысты алаяқтық туралы ескертті

Киберполиция шетелдегі жұмысқа қатысты алаяқтық туралы ескертті

Қазақстан ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті интернетте таралып жатқан шетелдегі «жоғары жалақылы жұмыс» туралы ұсыныстарға сақ болуға шақырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Мамандардың айтуынша, мұндай хабарландырулар көбіне Telegram арналары, WhatsApp топтары және түрлі онлайн платформаларда жарияланады. Онда жоғары жалақы, тегін ұшақ билеті, тұру орны және тәжірибе мен тіл білуді талап етпейтін жеңіл жұмыс ұсынылатыны айтылады.

Алайда шетелге барғаннан кейін азаматтар күрделі жағдайларға тап болуы мүмкін. Негізгі қауіптердің қатарында паспорт пен басқа құжаттардың тартып алынуы, еркін қозғалыстың шектелуі және интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеу жағдайлары бар.

Сонымен қатар жалақы төленбеуі, елге қайту үшін ақша талап ету, психологиялық қысым көрсету және қорқыту фактілері де кездесуі мүмкін.

Полиция шетелде жұмысқа орналасу кезінде тек лицензиясы бар агенттіктер арқылы рәсімдеуді, жұмыс берушіні мұқият тексеруді және келісімшарт талаптарымен толық танысуды ұсынады.

Сондай-ақ азаматтарға құжаттары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеу, сапар бағыты мен орналасқан жері туралы туыстарына алдын ала хабарлау ұсынылады.

Егер күмәнді ұсыныстар түссе немесе алаяқтық белгілері байқалса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.

Бұған дейін ІІМ алаяқтардың қазақстандықтардың смартфондарына зиянды қосымшалар арқылы қашықтан қол жеткізетін жаңа схемасы пайда болғанын да ескерткен. Бұл көбіне Android жүйесіндегі құрылғыларға қатысты.

Барлық жаңалық