Жаңалықтар

«Кешіріңіздер»: Щучинскте 12 адам көз жұмған кафе иесі кінәсін мойындады

«Кешіріңіздер»: Щучинскте 12 адам көз жұмған кафе иесі кінәсін мойындады

Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында 12 адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Басты айыпталушы, дәмхана иесі Хасан Мусхажиев соттағы соңғы сөзінде кінәсін мойындап, қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендерден кешірім сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға шамамен жарты жыл бұрын болған. Дәмханада газ баллоны жарылып, артынша өрт шыққан. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты. Олардың 10-ы дәмхана қызметкері болса, екеуі сол жерде тамақтануға келген тұрғындар болған.

Соттағы соңғы сөзінде Хасан Мусхажиев кәсіпорынның жұмысына, оның ішінде өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына жеткілікті деңгейде бақылау жасамағанын мойындады.

«Болған жағдай үшін баршаңыздан кешірім сұрағым келеді. Осы жағдайға байланысты шын жүрегіммен өкінемін. Бұл ауыр жағдайдан зардап шеккендердің ешқайсысын назардан тыс және көмексіз қалдырмаймын», – деді дәмхана иесі.

Сонымен бірге ол мемлекеттік айыптаушы сұраған жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасымен келіспейтінін айтты.

Сотта бұл іс бойынша автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын тасымалдаған азамат та жауап беріп жатыр. Оларға қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсетуге байланысты айып тағылған.

Ал автогаз құю станциясының директоры өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, жарылысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Іс бойынша жәбірленушілердің ұстанымы да әртүрлі. Кейбірі дәмхана иесін бас бостандығынан айырмауды сұраса, енді бірі қайғылы оқиғаға кафе басшылығын кінәлі деп санайды. Жәбірленушілердің тағы бір бөлігі барлық айыпталушыға қатаң жаза тағайындауды талап еткен.

Сот үкімі келесі аптада шығарылады деп күтілуде.

Барлық жаңалық