Спорт

«Кешірім сұрамаймын!»: Жезуш Роналдуға қатысты дауға нүкте қойды

«Кешірім сұрамаймын!»: Жезуш Роналдуға қатысты дауға нүкте қойды

 

Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш Криштиану Роналдумен арадағы жанжалға қатысты пікір білдіріп, футболшыдан кешірім сұрамайтынын ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Португалия құрамасы Ұлттар лигасында Норвегияны 2:1 есебімен жеңді. Бұл матч Криштиану Роналдудың командадан даулы түрде кеткенінен кейінгі Португалияның екінші кездесуі болды. Ойыннан кейін журналистер бас бапкерден 41 жастағы шабуылшыға қатысты жағдайды қайта сұрады.

Жезуштің айтуынша, Роналду ұлттық құрамаға оралуға ниетті болса, оған есік жабық емес.

«Егер Криштиану “Аль-Насрда” ойнауын жалғастырып, ұлттық құрамаға оралғысы келсе, ол мұны жасай алады. Мен мұны бұған дейін де айттым, тағы да қайталаймын: оның алдындағы есік ашық», – деді маман.

Бапкер Роналдумен бір жыл бойы қалыптасқан қарым-қатынасты бір ғана оқиғаға бола жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті.

«Біз бір жылға созылған қарым-қатынасты түсіну қиын бір жағдай үшін жай ғана сызып тастай алмаймыз. Бұл оқиға Криштиану – Криштиану болғандықтан соншалықты үлкен мәселеге айналды. Ол Португалия құрамасы мен португал футболының символы», – деді Жезуш.

Алайда журналистер бапкерден Роналдудан кешірім сұрай ма деп нақты сұрағанда, Жезуштің жауабы қысқа әрі қатаң болды.

«Кешірім сұрау? Не үшін? Мен ешкімнен кешірім сұрамаймын. Мен баспасөзге дәл осыны айттым», – деді ол.

Осылайша Жезуш Роналдуға қарсы есік ашық екенін айтқанымен, болған жағдай үшін одан кешірім сұрауға ниетті емес екенін анық көрсетті. Енді басты сұрақ – Криштиану ұлттық құрамаға қайта орала ма, әлде бұл жанжал екі тараптың арасындағы қарым-қатынасқа түпкілікті нүкте қоя ма?

Криштиану Роналдудың Португалия құрамасынан кетуі футбол әлемінде қызу талқыға түсті. Қазір жанкүйерлер пікірі екіге бөлініп, ұлттық құраманың әрбір жеңісіне де Роналду факторы қосылып айтылып жүр.

Криштиануның жанкүйері Ұзақ Серіковтің пікірінше, Португалияның Роналдусыз жеңістерін оның командадағы көпжылдық еңбегін жоққа шығару үшін пайдалануға болмайды.

«Қазір әлем екіге бөлінді. Португалия жеңген сайын “Криштианусыз жеңді” деп айтып жүр. Құдды Криштианумен бірге ешқашан жеңбеген сияқты. Аңыз ойыншының бұлай кетуі – қате. Рамушты айтып жатыр. Ол қанша жерден мықты болса да, Криштиануға жетпейді. Тіпті барлық команданы қоссаң да, Криштианудың деңгейіне жету қиын», – дейді ол.

Жанкүйердің айтуынша, қазіргі жағдайды бағалағанда Роналдудың ұлттық құрамадағы бүкіл жолын ескеру қажет.

«Бұл жерде оның Португалия құрамасындағы жүріп өткен жолы туралы кеңірек айту керек. Ол жылдар бойы осы команданың көшбасшысы болды, талай үлкен турнирде ел намысын қорғады. Сондықтан бір-екі ойынның нәтижесіне қарап, Криштианудың Португалия футболына сіңірген еңбегін жоққа шығару дұрыс емес», – деді Ұзақ Серіков.

 

Барлық жаңалық