Каспий теңізі жыл өткен сайын таязданып, жойылып кету қаупі артып келеді. Бұл тек бір елдің емес, бүкіл өңір халқының өміріне әсер ететін жаһандық экологиялық мәселе. Осыған байланысты «Жаңа адамдар» қозғалысы теңіз жағалауындағы елдерге үндеу жолдады деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, Каспий тағдырына бейжай қарауға болмайды. Бұл жағдай тек бірлескен күш пен нақты әрекет арқылы ғана түзелмек.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, Каспийдің тартылуы өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі экологиялық дабыл екенін атап өткен болатын.
«Каспийдің тағдыры біздің саналы әрекетіміздің, табиғатқа және өзімізге деген құрметіміздің көрсеткіші», – дейді қозғалыс мүшелері.
Акцияның бір бөлігі ретінде белсенділер Ақтауда теңіз жағалауында «Каспийді сақтайық!» деген жазуы бар ұзындығы 22 метрлік баннерді көтерді. Бұл келер ұрпаққа аманат және табиғатты қорғауға арналған символдық үндеу ретінде қабылданды.
Қозғалыс Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан елдерінің тұрғындары мен саясаткерлерін, сондай-ақ бизнес өкілдерін және экологиялық ұйымдарды Каспий теңізін сақтап қалу ісіне бірігуге шақырды.
«Бұл тек табиғатты қорғау емес болашақ үшін жауапкершілік. Каспийді сақтау өзімізді және ұрпағымыздың болашағын сақтау», – дейді «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері.