Елдегі макроэкономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін Үкімет қабылдаған шешімдер көп талқыланды. Әсіресе шағын және орта бизнес үшін бұл жаңалықтың қандай нәтиже беретіні жайлы сұрақ көп болды, деп жазады Ozgeris.info.
Осы тақырыпқа кәсіпкер Гүлбану Майғарина да өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, қабылданған шаралар бизнесті бірден өсіріп жібереді деу қиын, бірақ кәсіпкерлерге үлкен үзіліс, тыныстап алатын ерекше кезең беріліп отыр. Кәсіпкер бұл туралы былай дейді:
«Бізге тыныстап, бизнесті ретке келтіруге уақыт берілді. Қаржылық жоспарлауды, стандарттау мен жүйелеуді енгізуге мүмкіндік туды. Бұл үзіліс – күш жинау кезеңі».
Президент тапсырмасынан кейін Үкімет бірнеше маңызды реформаны іске қосты. Оның ішінде шағын және орта бизнеске қатысы бар қадамдар да бар. Гүлбану Майғаринаның айтуынша, бұл жұмыс оңай болған жоқ. Ол бұған үлес қосқан Максим Барышев, Айтуар Қошмамбетов, Сәкен Қарин, Вероника Даугалиева, Жанар Сүлейменова, Тимур Жәркенов секілді мамандардың еңбегін атап өтті. Ұзаққа созылған пікірталастар мен талқылаулар ақырында нәтижесін берген.
Басты өзгерістердің бірі – салық жүктемесінің жеңілдеуі. Бұрын «жеңілдетілген салық режімінен» алынып тасталған қызмет түрлері көп болатын. Енді жаңа ережеге сәйкес, оның ішінде тек 44 қызмет түрі ғана бұрынғы қалпында қалады. Қалғандарының бәрі қайтадан жеңілдетілген жүйеде жұмыс істей алады. Бұл шағын кәсіп үшін үлкен мүмкіндік.
Гүлбану Майғарина Үкімет қабылдаған жаңа ережелердің нақты тиімді тұстарын да атап өтеді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес үшін бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Бірінші кезекте тексерулер мен камералық бақылаулар тоқтатылады. Егер кәсіпкер 1 сәуірге дейін негізгі қарызын өтеп үлгерсе, айыппұл мен өсімпұл есептелмейді. ҚҚС бойынша әкімшілік жауапкершілік тағайындалмайды. Есептен алып тастау да баяғыдай күрделі процедуралармен емес, жылдам әрі тексерусіз жүзеге асады. Бұл шағын бизнеске жиналған мәселелерді шешуге уақыт береді.
Жақын күндері «Бәйтерек» холдингі жаңа бағдарламаны таныстырмақ. Онда кәсіпкерлерге автомобиль лизингі, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау қарастырылған. Үкімет басшысы бұл реформалардың мақсаты туралы былай деген еді: әрбір отандастың әл-ауқатын көтеру – негізгі ұстаным. Гүлбану Майғарина бұл тұсты ерекше атап өтіп, дәл қазір шағын және орта бизнес үшін нағыз «мүмкіндік терезесі» ашылып отырғанын айтады.
Кәсіпкердің пікірінше, бизнесті сезімге сүйеніп жүргізу нәтиже бермейді.
«Бизнесті цифр арқылы басқарып, үдерістерді жүйелеп, компанияның брендін қалыптастыру керек. Бәсеке күн сайын өсіп жатыр. Бұл қиындық тудырады, бірақ бір жағынан жақсы. Бәсеке артқан сайын бизнес те мықты бола түседі»,дейді ол.
Гүлбану Майғарина бизнестің табиғатын үш сөзбен түсіндіреді: цифрлар, жүйелілік және стратегия. Оның айтуынша, кәсіпкер күн сайын деректермен жұмыс істеуі тиіс. Жоспарлау, талдау, үнемі іздену – бәрі де кәсіптің құрамдас бөлігі. Берілген уақытты тиімді пайдалану әр кәсіпкердің өз қолында. Қаржылық жоспар құрып, үдерістерді автоматтандырып, есеп пен бақылау жүйесін орнатып, компанияның брендингін күшейту – дәл қазір қолға алу қажет негізгі қадамдар.
Оның айтуынша, қазір бизнеске берілген мүмкіндіктің құны өте жоғары.
«Таза парақ – бизнесті нығайтып, жаңа деңгейге шығарудың тамаша мүмкіндігі. Осыны сәтті пайдаланған кәсіпкер ертең көшбасшы атанады. Ал бұған мән бермеген адам артта қалады.Күн сайын әріптестермен сөйлесіп жүріп, қабілетті, еңбекқор адамдардың білімнің жоқтығынан ұтылып жатқанын көргенде жаным ауырады. Басты проблемамыз – бизнесті сауатты жүргізе алмау. Әр қателіктің құны күннен-күнге қымбаттап барады. Сондықтан жүйелі әрекет ету маңызды», дейді ол.
Гүлбану Майғарина бұл кезеңді кәсіпкерлер үшін ерекше мүмкіндік деп санайды.
«Бізге кәсібімізді ретке келтіруге, білім алуға, тиімді шешімдер енгізуге уақыт берілді. Ең аз дегенде дамуға көңіл бөлу керек. Кім осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланса, сол алға шығады», дейді ол.