Қазақстанда жеке кәсіпкерлер үшін тағы бір мемлекеттік қызмет толықтай онлайн форматқа көшті. Енді жеке кәсіпкерлік атауын өзгерту үшін салық органына барып, қағаз тасудың қажеті жоқ. Кәсіпкерлер тіркеу деректерін бірнеше минут ішінде электронды түрде жаңарта алады, деп жазады Ozgeris.info.
Uchet.kz мәліметінше, енді жеке кәсіпкерлік атауын eLicense.kz порталы немесе кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өзгертуге болады. Ол үшін кәсіпкер электронды цифрлық қолтаңба немесе SMS-пароль арқылы жүйеге кіріп, тіркеу деректерін өзгерту қызметін таңдауы қажет. Кейін бизнестің жаңа атауы енгізіліп, өтініш электронды қолтаңбамен расталады. Хабарлама автоматты түрде мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі.
«Өтініш тексерілгеннен кейін жаңа мәліметтер барлық мемлекеттік деректер базасында автоматты түрде жаңартылады», делінген хабарламада.
Мұндай өзгерістер соңғы жылдары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан реформалардың жалғасы саналады. Қазір Қазақстанда кәсіп ашу, салық төлеу, есеп беру, лицензия рәсімдеу секілді көптеген қызмет онлайн форматқа көшкен.
Тіркеу деректерін өзгерту Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 80-бабына сәйкес жүргізіледі. Заң талаптарына сәйкес, тіркеу мәліметтері өзгерсе, кәсіпкер бұл туралы 10 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауы тиіс.
Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнесті цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Әсіресе мобильді банкинг пен мемлекеттік платформалардың дамуы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетті. Қазір көптеген кәсіпкер салық төлемін, есептілікті, қызметкерлерге қатысты рәсімдерді телефон арқылы-ақ орындай алады.
Алайда цифрлық қызметтердің дамуы бизнеске түсетін жалпы жүктемені толық жеңілдетпейтінін де айтады. Өйткені 2026 жылдың алғашқы тоқсаны көптеген кәсіпкер үшін қиын кезең болды. Әсіресе арнайы салық режимімен жұмыс істейтін шағын бизнес өкілдері салық заңнамасындағы өзгерістерден кейін табыстың азайғанын айтып отыр. Кей кәсіпкерлердің сөзінше, айналым көлемі 30–40 пайызға дейін төмендеген. Бұл әсіресе сауда, қызмет көрсету және шағын кәсіп саласында қатты сезілген.