Қазақстанда 2026 жылдан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа тәртібі қолданылады.
Енді салық органдары ақша аударған адамдардың санымен қатар, түскен қаражаттың жалпы сомасын да ескереді. Бірақ банк картасына көп ақша түскенінің бәрі бірдей салықтық тексеруге негіз болмайды.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, мобильді аударымдардың кәсіпкерлік қызметке қатысы бар-жоғын анықтау үшін екі талап қатар орындалуы керек.
Біріншіден, жеке тұлғаның кәсіпкерлікке арналмаған банк шотына үш ай қатарынан әр айда кемінде 100 түрлі адамнан ақша түсуі тиіс.
Екіншіден, осы үш айда түскен қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы қажет.
2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғандықтан, аталған шек 1 миллион 20 мың теңгені құрайды.
Бір адам 2 миллион теңге аударса ше?
Мысалы, азаматқа туысы бір рет 2 миллион теңге аударды делік. Бұл аударымның өзі жоғарыда аталған бақылау өлшемшарттарына сәйкес келмейді.
Сол сияқты үш айда 100 адамнан ақша түссе де, әр айда кемінде 100 түрлі жіберуші болуы және жалпы сома белгіленген шектен асуы керек.
Демек, тек ақша көлеміне қарап, азамат кәсіпкерлікпен айналысып отыр деген қорытынды жасалмайды.
Банк шотын бұғаттай ма?
Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, мобильді аударымдардың бақылау өлшемшарттарына сәйкес келуі банк шотын бірден бұғаттауға негіз болмайды.
Шығыс операцияларын тоқтата тұру Салық кодексінде көзделген негіздер бойынша, соның ішінде камералдық бақылау нәтижесінде жолданған хабарлама орындалмаған жағдайда қолданылуы мүмкін.
Банктер мәліметті қашан береді?
2026 жылдан бастап банктер белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін аударымдар туралы мәліметтерді салық органдарына тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-іне дейін ұсынады.
Бұл тәртіптің мақсаты – жеке аударымдар арқылы жасырын кәсіпкерлік табыс алу белгілерін анықтау.
Сондықтан туыстар арасындағы көмек, қарызды қайтару немесе басқа да жеке мақсаттағы аударымдарды кәсіпкерлік табыспен шатастырмау маңызды. Дегенмен қаражаттың нақты сипаты қажет болған жағдайда бөлек анықталады.