Жамбыл облысы

Кәмелетке толмаған студенттен сәби туды: күдікті – ҚАЖК қызметкері

Жамбыл облысында 15 жастағы колледж студенті босанды. Бұл туралы «Время» басылымына сілтеме жасап, ozgeris.info сайты хабарлайды.

 

Алдын ала деректер бойынша, нәрестенің әкесі ретінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде қызмет ететін 23 жастағы азамат көрсетілген. Қазір ол адамға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Байзақ аудандық ауруханасының мәліметінше, жасөспірім қыз 5 қыркүйекте жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Оның жағдайы колледж оқытушыларының назарына іліккен: олар студенттің мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап, анасын шақырған. Кейін үйде жасалған тест оң нәтиже берген соң, қыз полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен ауруханаға жеткізілген.

 

Айта кетсек, 19 тамыз күні колледжге құжат тапсырған кезде медициналық тексерістен өткенде жүктілік анықталмаған. Дәрігерлер мұны ананың келісімінсіз толық тексеру жүргізілмегенімен және қыздың кең киім киіп жүруіне байланысты іші байқалмағанымен түсіндірді. Ал облыстық білім басқармасы оның мектепте жүргенде де күдік тудыратындай мінез-құлық байқатпағанын атап өтті.

 

Қазіргі таңда күдікті қызметкердің ұсталған-ұсталмағаны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

Барлық жаңалық