Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп жазады Ozgeris.info.
«Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша мал басы тұрақты өсуде. Жыл басынан ірі қара мал басы 23,4%-ға артты (9,6 млн бас), ұсақ мал – 7,8%-ға (26,3 млн бас), жылқы – 12,2%-ға (5 млн бас), түйе – 8,5%-ға (321,3 мың бас), құс – 2,2%-ға (47,7 млн бас) өсті», деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл өсім ішкі нарықты етпен және сүтпен қамтуға мүмкіндік берген. Ет өндірісі бойынша Алматы мен Ақмола облыстары, ал сүт өндірісі жөнінен Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары жоғары көрсеткішке қол жеткізген.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті экспорты 1,4 есе артты және 22 мың тоннадан асты, қой еті 2,2 есе өсіп, шамамен 18 мың тоннаны құрады», деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ министр мал шаруашылығындағы серпінді көрсеткіштердің арқасында Қазақстан ет және сүт өнімдерінің кей түрлері бойынша экспорт көлемін де ұлғайтқанын атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылдың шілдесінен бастап елде мал басы мен ауылшаруашылық техникасының санағы жүргізілген болатын.