Жаңалықтар

«Жуырда…»: Президент АЭС туралы пікір білдірді

«Жуырда…»: Президент АЭС туралы пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ақордаға сілтеме жасап.

 

Президент аймақтың дамып келе жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқару қажеттігін айтты. Ол жастарды қолдау, экология, цифрландыру және су тапшылығы мәселелеріне ерекше тоқталды.

 

«Қазіргі әлем тұрақсыз. Сондықтан жастарға дұрыс бағыт, сапалы білім мен тәрбие беру маңызды. Елдің ертеңі білімді, заманауи ойлайтын жастардың қолында», – деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар, Президент «Таза Қазақстан» акциясының ел өмірінде маңызды рөл атқаратынын айтып, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытудың маңызын атап өтті.

 

«Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Жуырда екінші атом электр станциясының құрылысы басталады», – деді Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы су тапшылығына да назар аударып, аграрлық секторға 1 триллион теңге бөлінгенін айтты. Сондай-ақ Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапханалар салынып жатқанын, болашақта Қызылордада да ашылуы мүмкін екенін жеткізді.

Барлық жаңалық