Жаңалықтар

Журналист қазақстандықтарды алдаудың жаңа интернет-схемасын әшкереледі

Журналист Михаил Козачков қазақстандықтарды интернет-алаяқтар қалай алдап жүргенін әшкереледі деп жазады Оzgeris.info. Оның айтуынша, соңғы жылдары «шотыңыздан ақша шешкелі жатыр», «туысыңыз жол апатына түсті», «сәлемдеме келді» сынды классикалық алаяқтық тәсілдер көбейген. Алайда қылмыскерлерге жәбірленушіні алдау ғана емес, ақшаны қолма-қол немесе карта арқылы алу да маңызды. Осы мақсатта олар «дропперлерді» пайдаланады.

 

Козачковтың жазуынша, кейбір дропперлер қылмысқа кездейсоқ тартылса, енді біреулері мұндай схемаларға әдейі қатысады. Соның бірі Ресейдің Бийск қаласының 22 жастағы тұрғыны Никита Логинов. Ол 2023 жылы Қазақстанға келіп, Павлодарда ЖСН алып, бірнеше банкте есепшот ашқан. Ал 2025 жылы Telegram арқылы «жұмыс» тауып, қазақстандық карталарға түскен қаржыны әрі қарай аударып отырған. Ол үшін 5 пайыз сыйақы алған.

 

Нәтижесінде оның карталары арқылы шамамен 10 миллион теңге өткен. Кейін шоттары бұғатталып, Павлодарға келген кезде полиция тарапынан ұсталды. Тергеу барысында оның Алматы полициясы тарапынан іздеуде жүргені анықталды.

 

Алматының Алмалы аудандық сотында Логинов кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Сот оны үш жылға бостандығын шектеу жазасына кесті.

 

Журналист сондай-ақ қазақстандық банктік карталарды қашықтан ашуға мүмкіндік беретін сервистер барын, оларды ресейлік блогерлердің жарнамалап жүргенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселеге қаржы реттеуші органдар әлі жеткілікті назар аудармай отыр.

Барлық жаңалық