Кейде жұмыста көз ілініп кететін жағдайлар болады. Әсіресе түскі астан кейін немесе түнгі ауысымда шаршау басым. Бірақ жұмыс орнында ұйықтау қызметкер үшін қандай салдарға әкелуі мүмкін. Кейбір жағдайда бұл жай ғана ескерту болса, кейде тіпті жұмыстан бірден босатуға дейін апаруы ықтимал, деп жазады Ozgeris.info.
Заңгер Сабира Салимова Еңбек кодексіне сүйене отырып, қай кезде жұмыс беруші қызметкермен ешқандай соңғы ескертусіз қоштаса алатынын түсіндірді. Оның айтуынша, бәрі қызметтің сипатына байланысты.
«Ең алдымен түскі үзіліс туралы айтайық. Заңгердің сөзінше, қызметкер өзінің заңды түскі үзілісін өз қалауынша пайдалануға құқылы. Егер қызметкер өзінің заңды түскі ас және демалыс үзілісі кезінде ұйықтап қалса, жұмыс беруші оған ешқандай талап қоя алмайды. Қызметкер өзінің заңды үзілісін өз қалауынша пайдалана алады. Бұл Еңбек кодексінің 1 бабы 1 тармағы 77 тармақшасында нақты көрсетілген. Яғни, үзіліс уақыты қызметкердің жеке уақыты болып саналады», дейді Сабира Салимова.

Ал егер қызметкер жұмыс уақытында, нақты қызметтік міндетін атқаруға тиіс кезде ұйықтап қалса, жағдай өзгереді. Заңгер бұл жағдайда жұмыс берушінің құқығы бар екенін айтады. Егер қызметкер жұмыс уақытында, жұмыс орнында ұйықтап қалса, жұмыс беруші бұл фактіні тіркей алады. Одан кейін қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолдануға құқылы. Бұл ескерту, сөгіс немесе басқа да тәртіптік шара болуы мүмкін. Бірақ бірден жұмыстан шығару әрдайым мүмкін емес. Заңгердің айтуынша, еңбек шартын бұзу ең соңғы шара ретінде қарастырылады және ол тек белгілі бір жағдайда ғана қолданылады.
«Еңбек шартын тәртіптік жаза ретінде бұзу тек бір жағдайда мүмкін. Егер қызметкердің ұйықтап қалуы еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі немесе көлік қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзумен байланысты болса және бұл әрекет жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына ауыр салдар әкелуі немесе әкелуі мүмкін болса, онда жұмыс беруші Еңбек кодексінің 52 бабы 1 тармағы 11 тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұза алады», деп түсіндіреді Сабира Салимова.

Яғни, жай ғана жұмыс орнында қалғып кеткені үшін бірден жұмыстан шығару заңға сай емес. Егер ұйқы салдарынан апат, өндірістік жарақат немесе адамдардың өміріне қауіп төнген жағдай болмаса, жұмыс беруші тек тәртіптік жаза қолдана алады.
«Жай ғана жұмыс уақытында ұйықтап қалғаны үшін, егер ауыр салдар болмаса, жұмыс беруші қызметкерге кез келген тәртіптік жаза қолдана алады, бірақ еңбек шартын бұзу құқығы жоқ», деп қорытындылады заңгер.