Астанада биіктікте жұмыс істейтін құрылысшылар елордадағы тұрғын үйлердің біріндегі құрылыс кемшіліктерін видеоға түсіріп, желіде таратып жіберді. Сыртынан әдемі көрінетін көпқабатты ғимараттың ішінде сапасыз әрі қауіпті құрылыс элементтері бар екені анықталды деп хабарлайды Оzgeris.info.
Видеодан кірпіштердің дұрыс қаланбай, көптеген тұстардың бос тұрғанын көруге болады. Қабырғаны аздап қопарғанда-ақ ар жағынан пәтердің гипс тақтайшасы көрініп қалған.
Желідегі қазақстандықтар аталған нысанды Арман тұрғын үй кешені немесе Radisson қонақүйі болуы мүмкін деп болжауда. Олар ғимаратты салған мердігер компанияны жауапқа тарту қажет екенін айтуда.
«Ертең кондиционерлер не себепті құлап жатыр деп сұрайсыңдар. Оларды қайда бекітесіңдер? Кірпіштің өзі әрең тұр. Үйдің сыртын ғана әрлеп, ішін сапасыз салып тастай салған», – дейді видеодағы жұмысшылардың бірі.
Қоғамдық резонансқа қарағанда, тұрғындар мен мамандар бұл жағдайға қатысты тексеріс жүргізуді талап етуде.