Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде экономика туралы сөз көбейді. Бірі дағдарыс болады дейді, бірі шағын бизнес жаппай жабылады деп қауіптенеді, енді бірі инвесторлар елден кетіп жатыр деп жазады. Осы пікірлер қоғамда алаңдаушылық туғызған тұста Үкімет өз ұстанымын ашық айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдағы жылға қатысты айтылып жүрген экономикалық дағдарыс, шағын бизнестің жаппай жабылуы және инвесторлардың кетуі туралы болжамдарға сын көзбен қарауға шақырды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған әр пікірді нақты жағдайдың көрінісі деп қабылдау дұрыс емес.
Журналист вице-премьерге «Экономика мен салық саясаты инвесторлар үшін Қазақстанның тартымдылығын төмендетіп жатқан жоқ па, бұл өзгерістер халыққа кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?» деген сұрақ қойды. Бұл сауал бүгінгі қоғамдағы негізгі күмәнді дәл көрсетіп отыр. Көп адам әлеуметтік желідегі жазбаларға қарап қорытынды жасап үлгерген.
Осы сұраққа жауап берген Серік Жұманғарин әлеуметтік желілердегі пікірлердің жауапкершілігі жоқ екенін ашық айтты. Оның сөзінше, онда жазып отырғандардың көбі экономика саласының ішкі логикасын түсінбейді, бірақ соған қарамастан кесімді пікір айтады.
«Әлеуметтік желіге көп сенуге болмайды. Онда жауапкершілік жоқ. Жазып отырғандардың көбінде экономикалық білім де жоқ. Ковид кезінде бәрі вакцинацияның маманы болды, қазір Салық кодексінің білгіріне айналды. Бірақ экономиканы осылай сырттай бағалау дұрыс емес», деді ол.
Вице-премьер Үкімет шешімдері жабық қабылданды деген әңгімемен де келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, экономика мен салық саясатына қатысты өзгерістер бір күнде пайда болған жоқ. Бір жыл бойы бұл мәселелер бизнес өкілдерімен де, қоғаммен де ашық талқыланған. Ұсыныстар айтылған, сын болған, пікірлер ескерілген.
Ол мұндай диалогтың болғанын ерекше атап өтті. Себебі кез келген экономикалық шешім бизнеске де, халыққа да әсер етеді. Сондықтан Үкімет бұл процесті жасырмай, керісінше ашық жүргізгенін айтты.
Серік Жұманғарин елдегі экономикалық ахуалдың тұрақты екенін жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасының жариялануымен де байланыстырды. Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар кездейсоқ қабылданбайды. Егер экономика әлсіреп, кірістерге сенім болмаса, шағын және микробизнесті қолдауға бағытталған жаңа бастамалар іске қосылмас еді.
«Мұндай бағдарламаны іске қосуға мүмкіндік бар, себебі келесі жылдың кірістерін көріп отырмыз. Бұл шағын және микробизнеске, әсіресе шалғай аудандарда жаңа кәсіп бастауға жол ашады», деді Жұманғарин.
Оның сөзінше, бұл бағдарламаның басты мәні ауыл-аймақтар мен шағын қалаларда кәсіп ашуға нақты мүмкіндік беру. Яғни тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты іске бағытталған қолдау тетігі.
Бұған дейін Үкімет өңірлердегі шағын және микробизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарлама ауылдарда, шағын және моно-қалаларда өндірісті дамытуға бағытталған. Бұл жерлерде бизнес бастауға жағдай жасау маңызды екені айтылды.
Жалпы алғанда, вице-премьердің жауабы әлеуметтік желілерде тараған дағдарыс туралы сөздерге тікелей жауап болды. Ол экономика эмоциямен емес, есеппен бағаланатынын бірнеше рет атап өтті. Әлеуметтік желідегі әр жазбаны шындық деп қабылдамай, нақты дерек пен қабылданған шешімдерге қарау керек екенін айтты.